Теңсіздік: Депутат тегін ыстық тамақты жекеменшік мектептерде де беруді ұсынды

14 Ақпан 2024, 20:20
498
Бөлісу:
Теңсіздік: Депутат тегін ыстық тамақты жекеменшік мектептерде де беруді ұсынды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев білім саласындағы мемлекеттік және жекеменшік мектептерге біркелкі қаржы бөлінбеуі, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж екендігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі кезде мемлекеттік пен жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібінде айтарлықтай айырмашылық орын алып отыр. Мемлекет есебінен жекеменшік мектептерде тегін білім алатын аз қамтылған отбасы балаларына берілетін әлеуметтік көмек – ыстық тамақ пен мектеп формасымен қамту, оқу құралдары мен оқулықтар сатып алу – қарастырылмаған. Сол себептен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары орын жетіспеуінен жай мектептен жекеменшікке ауыстырылса, мемлекеттен берілетін көмектен құр қалады. Жекеменшік мектептерде мемлекет есебінен оқитындардың әлеуметтік жағдайы ескерілмеуі және мемлекеттік көмектің болмауы оқушылардың арасында теңсіздік тудырып отыр, - дейді депутат. 

Оның айтуынша, 2024 жылға дейін жекеменшік мектептерде бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ жергілікті бюджет есебінен берілетін. Ал осы жылдан бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беру тоқтатылды.

Теңсіздіктің нәтижесінде тегін ыстық тамақ пен әлеуметтік көмектерден айырылған оқушылар мемлекеттік мектептерге қайта оралуға мәжбүр. Бұл үш ауысымды мектептердің көбеюіне, жекеменшік оқу орындарының жабылуына әкеп соғады, - деді ол.

Осыдан кейін депутат Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, Қазақстандағы жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қойылған талаптар мен ережелерді қайта қарап, келесі өзекті мәселелерді көтерді:

  1. жекеменшік білім беру ұйымдарындағы бастауыш сынып оқушыларына және жоғарғы сыныпта оқитын аз қамтылған отбасы балаларына тегін тамақтандыруды ұйымдастыру;
  2. жағдайы төмен отбасы балаларына бөлінетін барлық әлеуметтік көмекті жекеменшік мектептердегі оқушыларға да мемлекеттік мектептердегідей берілуін қамтамасыз ету;
  3. жалпы мектептердегі тұрмысы төмен отбасы балалары мен жетім балаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық және басқалай көмекті жекеменшік мектептердегі осы деңгейдегі оқушыларға да берілу мәселесін қарастыру бойынша тиісті шешімнің қабылдануына ықпал ету.
Өзгелердің жаңалығы