Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Чехияның Простеев қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық жасөспірімдер ширек финалда Словения құрамасымен күш сынасты. Қазақстан теннис федерациясы мәліметінше, бірінші кездесуде Даниэль Тазабеков тағы да үмітті ақтады. Бастапқы партияда Свит Сульичке 4:6 есебімен есе жібергеніне қарамастан, жеңіске деген жігерін таныта білді. Екінші сетте тай-брейкте қарсыласын тығырыққа тіреді – 7:6 (8:6). Үшінші, шешуші партияда Даниэль 4:1 есебімен алға шықты. Алтыншы геймде Сульич медициналық көмекке жүгінді. Жас қазақстандық теннисші тізгінді уысынан шығарған жоқ – 6:2.
Содан кейін қос құраманың көшбасшылары Заңғар Нұрланұлы мен Жига Шешко кортқа шықты. Бірінші сет Заңғардың пайдасына шешілді – 6:4. Екінші партияда да ол шеберлігінің басым екенін көрсетті – 6:3.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (капитаны Сергей Квак) өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына өтті. Жас спортшыларымыз 5 тамызда финалға шығу үшін Германия құрама командасымен кездеседі.