Теңге Қазақстанға экономикалық тәуелсіздік алып келді – Қайролла Ғабжәлелов

25 Қазан 2022, 17:52
3424
Бөлісу:
Теңге Қазақстанға экономикалық тәуелсіздік алып келді – Қайролла Ғабжәлелов

Бүгін – Республика күні, 22 жыл бұрын егемендік декларациясы жарияланды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алу жолындағы маңызды қадамдардың бірі еді. Еліміз 1991 жылы тәуелсіздік алғанымен, экономикалық тәуелсіздікке өз ақшасы айналымға енгенде ғана қол жеткізді. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі қазақтың алғашқы төл теңгесінің авторы, суретші, қоғам қайраткері Қайролла Ғабжәлеловпен сұхбаттасты. 

– Теңгенің дизайнын жасау, оны басып шығару ісінде бастан-аяқ өзіңіз жүрдіңіз. Теңгенің тарихын тарқатып айтып берсеңіз.

– 1992 жылдың наурыз айында «Қазақстан дизайн орталығы» деген мекеме құрдым. Директоры өзім болдым. Тимур Сүлейменов екеуміз бірге жұмыс істеп жүрген едік. Институтта бізді жақсы дайындады. Суретші дипломын қоса алдым. КСРО ыдырап, тәуелсіздік алған кезде барлық институт, зауыт, фабрика тарап жатты. Ту, елтаңба дизайнына конкурстар басталды. Сурет салу сабағында көп жұмыс істегендіктен қандай конкурстар болатынын жақсы білемін. Ананың танысы, мынаның танысы қатысып, әділдік болмады. Суретшілердің ішінде де бір-бірін қолдайтын топтар, белсенділер болды. Конкурсқа қатысудың еш пайдасы жоқ екенін білдім.

Тәуелсіздік алған соң адамдар өз ақшамыз болуы керек деп айтып бастады. Тимур Сүлейменов екеуміз ақшаның дизайнын жасап бастадық. Ол сол кездегі көп депутаттың бірі болып кетті. Көп жоспар құрдық. Теңге болатынын білмейміз, өз ақшамызды сызып бастадық. Мемлекеттік банк Ресейдің қарамағынан шығып, Ұлттық банк енді құрылып жатты. Тимур екеуміз Ұлттық банк төрағасына бір-екі рет кіріп, танысып кеттік. Түрлі суреттер салып апардық. Кейіннен комиссия құрылып, қай ақшада кімнің портреті болуы керек екенін бекітіп берді. Ал оған дейін табиғат, ескі архитектура, ойға келгеннің бәрін салдық. Қазақстанда ақшаны бұрын-соңды ешкім жасап көрмеген. Портреттерді салып, банк басқармасына әкелдік. Елбасына көрсеттік. Сөйтіп бәрін бекітіп алдық.

– Ақшаны қайда басып шығардыңыздар?

– Италия, Испания, Түркия, Жапония, Германия, Англиядан ақша басып шығаратын бірнеше фирма келді. Соның ішінде Harrison and Sons деген ағылшын фабрикасына тоқтадық. Англияға кетуге ақша жоқ. Өз қалтамнан Мәскеуге ұшып, бірнеше адамға виза алып, Англияға кеттік. Фабрика жұмысымен танысып, бір-екі апта оқып елге келдік. Төрт адам болып бастап едік, Тимур Сүлейменов депутат болып ешқайда шыға алмады. Біреуі ауырып қалды. Бір дизайнерді жібермей ұстап отырдым.

Англияның төрт фунт стерлинг банкнотын жасауға екі жыл кеткен. Сол кездегі ең тұрақты валюта немістің маркасы да екі жылда жасалған. Ал біз алты жылда жасалатын жеті банкнотты алты айда жасап шықтық. Мұның үлкен тарихы бар. Фабрикалар қаншама елдің ақшасын кезекпен жасап жатты. Оларға жалынып, теңгені кезектің арасына кіргіздік те, алты айда жасап, Қазақстанға алып келдік. Бір ұшаққа бір миллиард ақша сыйса, соның 650 миллионы уран, көмір, алтын болып Ресейге қайта кетіп жатты. Қазақстан екі жылда отырып қалды. Сол кезде теңгені айналымға енгізіп Қазақстанға қаншама триллион ақшаны үнемдедік. Теңге ол кезде әлемдегі ең мықты валютаның ондығына кірді. Англияда Британ музейінде теңгеге арнайы бөлім ашылды. Қазақстанда бұл құпия процесс болды. Ешкім тіс жарып айтпады. Мәскеуде газеттер жазып бастағаннан кейін бізде де айта бастады. Ал біз теңгенің басы-қасында жүргеннен кейін мемлекеттік құпияны сақтауымыз керек болды. Қазақстанның бүкіл құпиясы – ақшада. Оны басқалар біліп қойса бір елдің экономикасына зияны тиеді.

Теңге Қазақстанға экономикалық тәуелсіздік алып келді – Қайролла Ғабжәлелов

Ақшаның дизайны сурет қана емес. Қағаздың құрамы, бояуы, оның ішінде құпия белгілерін ойластыратын үлкен жұмыс. Кіші мемлекеттердің қолынан келе бермейді. 1992 жылы 15 желтоқсанда Ұлттық банк төрағасымен ақылдасып отырғанда тікелей президент хабарласып, наурыздың аяғында ақшалар осы жерде болсын деді. Таң ата Англияға ұшып кеттім. Фабрика иесімен сөйлесіп, Қазақстан ақшасын кестеге енгізіп, тезірек басу керек дедім. Он күннін соң елге бір топ ағылшындар келіп, банкноттың эталон үлгілерін әкелді. Ұлыбританияда бірнеше банкнот фабрика болғанымен, металлға иненің ұшымен портрет сызатын маман санаулы ғана. Бір портретті екі ай көлемінде сызады. Сонда жеті банкотқа бір жарым жыл уақыт кетеді. Ал бізде күтетін уақыт жоқ. Ақшаның өрнектері бізге құпия болғанымен, оларға құпия емес еді. Суретшілердің бәрін шақырып, теңгені көрсеттік. Олар таң қалды, себебі Еуропаның портреттерін ғана сызып жүрген екен. Азиялықтардың портреті оларға қызық болған. Эталон үлгісін тез істеп алып келді. Абылай ханның ауызы, біреуінің көзі қисайып кеткен. Біздің банкирлер осылай баса беріңдер деді. Бұлай болмайды деп тұрып алдым. Ағылшындарды шақырып алып, шешімін айттым. Ақшаның ішінде штрих сызықтар бар. Сызық қалың болса сол жағы күңгірттеу болады да, содан металл ауырлау болып кетеді. Жеңіл болған соң ауызы қисайып тұр. Екінші жағының да штрихтарын күшейтіп, симметриялы қылса ауызы орнына келеді. Мұны естіген ағылшындар қуанып кетті. Кем-кетігін дұрыстап, алғашқы банкноттарды басып шығарды. 30 наурызда ақшаны елге тасып бастадық.

Өскеменде монета шығаратын зауыт салынатын болды. Германиядан келе жатқан құрылғыларды Ресейде тонап, бірнеше кедергілер болып тағы екі жылға созылды. Оны күтпей 1993 жылдың қыркүйегінен бастап қағаз ақша шығарып, 15 қарашада айналымға енгіздік. Тиынды да қағазбен шығарып кеттік. 1995 жылы Үлбі зауытынан тиындар шықты. Ол кезде инфляция болып кетті де, тиындар эшелонмен сақтау қоймасына жеткізіліп, оның соңы не болғанын ешкім білмейді. Қағаз тиын екі ай емес, екі жыл жүрді. Инфляция болмауы керек еді. Банкноттарды басып шығарар алдында қанша тираж керек екенін есептеп алу керек. Шетелдік экономист Қазақстанға келіп, халқы мен аумағын зерттеп, есептеп берді. Банкирлер оған күмәнданып, басқа банкирге тексеруге тапсырды. Екеуінің есебі тең келді. Сонымен осынша тираж деп тапсырыс бердік.

– Теңгенің құнын қалай бағаланды?

Тираж ғана емес, ақшаның құны да болуы керек. Алтынмен, әлде шетелдік валютамен бағалаймыз ба деп ойландық. Ол кезде әлемдегі ең тұрақты валюта – немістің маркасы. Бір теңге бір маркаға тең болсын дедік. Теңге айналымға шығар алдында банкирлер марканың керегі жоқ, Ресейдің рублі керек деді. Ол кезде рубль күн сайын құнсызданып жатты. Бір теңге 500 сомға тең болады деп шешті. 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға енгенде бір АҚШ доллары 4 теңге 50 тиын болып белгіленді. Бір айдан соң доллар теңгеге шаққанда 36 болды. Алты айда 54, сосын 63, 76 деп кете берді. 1997-жылдары дефолт болды. 76-дан 140-қа шықты. Теңгенің құны төрт тиыннан 420-ға жетті. Инфляция 120 болды. Мұндай дүние жүзінде жоқ, себебі мұндай болуы мүмкін емес. Қазақстан әлемде ең бай мемлекет бола тұра, теңгенің құнсыздануы экономиканың дұрыс емес екенін көрсетеді. Қарапайым халық қатты зардап шегіп жатыр. Бұлай болуы мүмкін емес, жасанды түрде жасалып жатты. 

Теңге Қазақстанға экономикалық тәуелсіздік алып келді – Қайролла Ғабжәлелов

– Теңге Қазақстанға не алып келді?

– Теңге – Қазақстан тарихындағы тұңғыш ақша. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғанымен, Ресейдің ақшасына тәуелді болды. Теңге шыққан күні Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Теңге Қазақстанға экономикалық тәуелсіздік алып келді. Қазақстан сыртқы және ішкі саясатын, шекарасын белгіледі. Түсінген адамға Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікті шартты түрде алды. Тәуелсіздікті теңге алып берді. 

Әр ел әртүрлі ақша шығарып жатты. Кішкентай қағаздан басып лотерея билеті сияқты ақшамен жүрді. Басқалардыкі арзан валюта болды. Сол кезде доллардың өзінде төрт қана қорғанысы бар. Ең алғашқы теңгемізде 17 қорғау белгісі болатын. Соны ұстағанда керемет болар еді. Бізге қарсы келгендер көп болды. Қазір арзан ақша, идеология да жоқ. Ішіне алақан, ақылға сыймайтын заттар салған. Еуропалықтар бейбітшілік құсы санайтын кептерді салып қойған. Түркі халықтарында ондай ұғым жоқ. Бүркіт, тазы ұстаған жауынгер халықпыз. Ал кептер бізге жат. Осыны түсінбей идеологиямызды құртып жатыр. Сіріңкенің қорабына дейін идеология болуы керек. Идеология деген – ұлттық тәрбие.

Кеңес одағы құлаған соң барлығы ақша шығару үшін барын салды. Тездетпегенімізде тағы екі жылға созылып кетер еді. Ұйымдастыру қабілеті болмаса кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сапалы дүние жасағымыз келді. Ұлтқа қызмет етуді міндет деп білдік. Ештеңемен санаспай, тек жақсысын таңдап жасадық.

Бірде ұшақта жанымда отырған шетелдік Қазақстанның ақшасын ұстап отыр екен. Ол валютамызға қызығып, ақшаның бетінде кімдер екен деп бәрінің тарихын оқыған екен. Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр, Абылай хандай тарихи тұлғаларымызды бейнеледік. Бұл банкноттар киелі болды. Абылай ханды, Абайды жерге тастамайтын. 

-Сұхбатыңызға рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы