2026 жылдың алғашқы айларында теңге айтарлықтай нығайды. Қаңтарда доллардың орташа бағамы 507,5 теңге болса, ақпанда 496,0 теңгеге дейін төмендеді. Ал наурызда алдын ала бағалау бойынша 488,6 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл деректер нарықтың екінші тоқсанға ұлттық валюта үшін қолайлы жағдайда кіргенін көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының дерегіне сүйенсек, сәуір айына қатысты негізгі сұрақ – наурыздың соңындағы және сәуірдің басындағы салықтық фактор әлсірегеннен кейін теңгенің нығаюы сақтала ма?
Сарапшылар бағамды бірнеше сценарий бойынша қарастырған. 3 сәуірдегі жағдай бойынша орташа бағам 472,9 теңге деңгейінде тіркелген. Осы көрсеткіштен үш бағыт есептелді: оптимистік сценарий – 462,1 теңге, базалық сценарий – 479,6 теңге, пессимистік сценарий – 497,0 теңге. Жалпы айлық базалық болжам шамамен 496,9 теңге деңгейінде қалыптасады.
Базалық сценарийдің логикасы қарапайым. Наурызда теңге айтарлықтай нығайды, сондықтан сәуірде белгілі бір дәрежеде кері түзету болуы ықтимал. Алайда сыртқы жағдай қолайлы болған жағдайда теңге қаңтар мен ақпан айларымен салыстырғанда мықты позициясын сақтап қалады.
Ішкі факторлардың әсері сәуірде біртіндеп әлсірейді. Наурыздың соңында компаниялар 2025 жылға арналған корпоративтік табыс салығы бойынша декларация тапсырды, ал төлемдер сәуірдің алғашқы күндеріне түсті. Бұл кезеңде бизнес тарапынан теңгеге сұраныс артып, бағамды қолдайды. Алайда бұл қысқа мерзімді фактор. Салық төлемдерінің негізгі бөлігі аяқталғаннан кейін нарық импорт төлемдері, дивидендтер, қарыздарды өтеу және валюталық қайта теңгерімдеу сияқты дәстүрлі факторларға тәуелді болады. Осыған байланысты сәуірдің екінші жартысында теңгенің әлсіреу ықтималдығы артады.
Сыртқы факторлар ішінде негізгі драйвер – мұнай бағасы. Әсіресе Brent маркасының құны жоғары болған жағдайда экспорттан түсетін табыс өсіп, елге валюта ағыны күшейеді. Бұл нарықта доллар ұсынысын арттырып, теңгенің нығаюына әсер етеді. Сарапшылар бұл үрдіс әкімшілік емес, толықтай нарықтық сипатқа ие екенін атап өтеді.
Жаз мезгілінде Қазақстан Ұлттық банкі бірінші тоқсан бойынша төлем балансы деректерін жариялайды. Алдын ала бағалауға сәйкес, ағымдағы операциялар шоты оң болуы мүмкін. Бұл елге келетін валюта көлемі сыртқа шығатын қаражаттан жоғары екенін білдіреді. Мұндай жағдайда валюта ұсынысының артуы теңге бағамын қолдайды.
Сонымен қатар теңгеге ішкі факторлар да әсер етеді. Олардың қатарында теңгедегі депозиттердің тартымдылығы, салық төлемдері және валюталық түсімі бар компанияларға қойылатын талаптар бар. Алайда мұнай бағасы төмен болған жағдайда бұл факторлар тек қысымды бәсеңдетеді. Ал мұнай бағасы жоғары кезде олар керісінше нығаю үрдісін күшейтеді.
Сәуір айындағы негізгі тәуекел – ішкі қолдаудың әлсіреуі. Айдың басындағы салықтық әсер өткен соң, нарық толықтай сыртқы факторларға тәуелді болады. Осындай кезеңде теңге бағамы әлсіреуі мүмкін.
Сарапшылар сценарийлер нақты дәліз емес, ықтимал бағыттар екенін ескертеді. Болжам 2011 жылдан бергі айлық деректерге негізделген бірнеше эконометрикалық модель арқылы жасалған. Нәтижесінде төрт модельдің ортақ консенсусы алынған. Бұл тәсіл болжамның тұрақтылығын арттырады.
2026 жыл бойынша болжамның орташа қателігі 0,3% немесе 1,3 теңгені құрайды. Наурыз айында нақты ауытқу 1,7% немесе 8,4 теңге деңгейінде тіркелген.
Жалпы алғанда, сәуір айында теңге үшін жағдай қолайлы болып қала береді. Алайда айдың екінші жартысында әлсіреу ықтималдығы жоғары. Ай басында теңгені салық факторы қолдаса, кейін негізгі бағытты сыртқы жағдай, ең алдымен мұнай бағасы айқындайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда доллар бағамы соңғы 1,5 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетті, яғни 2024 жылдың жазынан бері алғаш рет 475 теңгеден төмен түсті.