- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Теңге әлсірей ме? Сарапшылардың наурызға болжамы қандай
Теңге әлсірей ме? Сарапшылардың наурызға болжамы қандай
Доллар 515 теңгеге жетуі мүмкін: Теңге неліктен күшейіп, әлсіреп жатыр?
Бүгiн 2026, 10:15
Доллар бағасы 515 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Соңғы күндері теңге күтпеген жерде нығайып, кейде әлсіреп отыр. Монетарлық операциялар департаменті директорының міндетін атқарушы Нұржан Нұрғазин Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс пен мұнай бағасының өзгерістерінің теңгеге әсерін түсіндірді. Сонымен қатар, экономист Бауыржан Ысқақ наурыз айында валюта нарығының қалай қозғалатынына болжам жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Монетарлық операциялар департаменті директорының міндетін атқарушы Нұржан Нұрғазин Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің жаһандық қаржы нарықтарына әсері және ұлттық валюта – теңгенің қазіргі жағдайы туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, сыртқы факторлардың ықпалына қарамастан, валюта нарығындағы негізгі үрдістер объективті нарықтық жағдайлармен айқындалып отыр.
Нұржан Нұрғазиннің айтуынша, Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс жаһандық қаржы нарықтарындағы белгісіздіктің артуына алып келеді.
Соңғы айларда ұлттық валютаның нығаюы байқалады. Бұл динамика тек ағымдағы сыртқы факторларға байланысты емес, алдыңғы кезеңдерде қалыптасқан үрдістермен де түсіндіріледі. Қазіргі ахуал негізінен жекелеген сыртқы оқиғаларға қысқа мерзімді реакциядан гөрі, объективті нарықтық факторларға негізделген. Ішкі валюта нарығында шетел валютасына сұраныстың төмендеуі байқалады. Бұл, ең алдымен, жыл басына тән маусымдық ерекшеліктермен, соның ішінде іскерлік және инвестициялық белсенділіктің біршама төмендеуімен байланысты, – деп айтты ол.
Ақпан айында ірі салық төлемдері кезеңінде экспорттаушы компаниялардың бюджет алдындағы міндеттемелерін орындау үшін теңгелік өтімділікке сұранысы дәстүрлі түрде артты.
Ұлттық банк өкілінің айтуынша, ұлттық валютаға қосымша қолдауды бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салымдарының өсуі көрсетеді.
Жыл басынан бері олардың көлемі 600 млн АҚШ долларынан астамға ұлғайып, наурыз айының ортасына қарай шамамен 4,5 млрд АҚШ долларына жетті.
Сонымен қатар теңге бағамына қолдаушы ықпал республикалық бюджетке трансферттерді бөлу шеңберінде және алтын сатып алуларды айналау тетігі арқылы шетел валютасын сату есебінен сақталып отыр. Ұлттық Банк бұл операцияларды жарияланған көлемдер шегінде қатаң түрде жүргізіп, нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды.
Геосаяси және нарықтық жағдайдың ықпалы
Қазіргі геосаяси жағдайда мұнай бағасының өсуі, оның ішінде Қазақстанды қоса алғанда, экспортқа бағдарланған экономикалар үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Алайда, геосаяси тәуекелдердің күшеюі инвесторлардың тәуекелге бейімділігін төмендетіп, капиталдың дамушы нарықтардан әкетілуіне ықпал етуі мүмкін, - дейді Нұржан Нұрғазин.
Қазіргі уақытта валюта нарығындағы жағдай тұрақты болып тұр. Жоғары құбылмалылық белгілері байқалмайды, биржалық сауда көлемдерінде де елеулі өзгерістер тіркелмейді. Бұл нарықтың теңгерімді екенін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әлемдік және ішкі қаржы нарықтарындағы жағдайдың дамуын мұқият қадағалап отыр және қаржылық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алу үшін қажетті құралдарға ие. Айырбас бағамының тұрақсыздығы немесе шамадан тыс құбылмалылығы белгілері пайда болса, валюталық интервенциялар жүргізуді қоса алғанда, тиісті шаралар қолданылуы мүмкін, - деп түсіндірді ол.
Ирандағы қақтығыс теңгеге екі түрлі әсері бар
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, Ирандағы қақтығыс теңгеге екі түрлі бағытта әсер етіп отыр: бір жағынан қолдау көрсетсе, екінші жағынан қысым жасайды.
Жалпы, Ирандағы қақтығыс теңгеге екі түрлі бағытта әсер етеді: бір жағынан қолдайды, бір жағынан қысым жасайды. Қазіргі наурыздағы жағдай дәл осы екі фактордың күресі болып жатыр деп айтуға болады, - дейді ол.
Экономистің сөзінше, оң факторлардың бірі — мұнай бағасының қымбаттауы.
Егер жақсы жағын айтатын болсақ, мұнай қымбаттайды, сәйкесінше теңге күшейеді. Қақтығыс салдарынан мұнай бағасы өсіп жатыр. Қазір барреліне жүз доллардан астам бағамен сатылып жатыр, — дейді сарапшы.
Қазақстан мұнай экспорттаушы ел болғандықтан, бұл жағдай валюталық түсімнің артуына әсер етеді.
Қазақстан мұнай экспорттаушы ел, яғни валюталық түсім көбейеді. Бұл теңгеге тікелей қолдау береді. Сол себепті соңғы күндері теңгенің күтпеген жерде нығайып жатқандығы да осыдан, — дейді Бауыржан Ысқақ.
Геосаяси тәуекел теңгеге қысым түсіреді
Сонымен қатар теңге үшін қауіп төндіретін факторлар да бар.
Негатив жағы да бар, яғни теңге үшін қауіп — бұл қорқыныш факторы. Яғни доллар күшейеде, теңге әлсірейді. Геосаяси тәуекел артса, инвесторлар долларды қауіпсіз актив ретінде сатып алады, — дейді экономист.
Бұл өз кезегінде капиталдың дамушы елдерден кетуіне әкелуі мүмкін. Сарапшының пайымдауынша, капитал дамушы елдерден кетуі мүмкін, оның ішінде Қазақстаннан да. Логистика, сауда және инфляция тәуекелдері өседі.
Наурызға болжам: теңге құбылмалы болады
Қазіргі таңда мұнай бағасының өсуі теңгені қолдап отыр.
Қазір мұнай қымбаттап, теңге нығайып жатыр. Доллардың бағасы теңгеге шаққанда 480-ге дейін түсті. Яғни теңге күтпеген тұрақтылық көрсетіп жатыр, — дейді сарапшы.
Экономистің айтуынша, қысқа мерзімде теңге тұрақты болмайды.
Наурыз айында теңге құбылмалы болады. Яғни волатильділік жоғары болады. Диапазон шамамен 470-500 теңге аралығында болуы мүмкін, — дейді ол.
Сарапшы екінші сценарийді де атап өтті. Егер қақтығыс күшейіп, мұнай бағасы өсетін болса, теңге уақытша нығаяды. Ал қақтығыс ұзаққа созылса, доллар күшейіп, теңге қайтадан әлсіреуі әбден мүмкін.
Оның айтуынша, бұл жағдайда доллар бағасы жоғарылауы ықтимал.
Доллар 515 теңгеге дейін баруы мүмкін, — дейді ол.
Экономист бұл жағдай тұрақты тренд емес екенін атап өтті.
Бұл тұрақты тренд емес, тек геосаяси шок, — дейді сарапшы.
Дегенмен, ұзақ мерзімді перспективада теңгенің әлсіреу үрдісі сақталады.
Ұзақ мерзімде теңге бәрібір әлсіреу трендінде. Жылдық болжам шамамен 540 теңге, — деп түйіндеді Бауыржан Ысқақ.
Ең оқылған:
- Қазақстандағы мектептер түбегейлі өзгереді: Оқушыларды не күтіп тұр?
- Бір ауыл мектебі Қазақстандағы білім сапасын қалай өзгертіп жатыр
- Қазақстанда мектептер жаппай алты күндік оқуға көше ме?
- Ақтөбедегі шу: 40 адамға жалған медициналық анықтама жасаған медбике ұсталды
- Жаңа заң: Енді бала бағып отырған әкелердің еңбек өтілі ескеріледі
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА