Теңдік тұрғындары түтінге тұншығып отыр

9 Қыркүйек 2022, 13:39
1900
Бөлісу:
Теңдік тұрғындары түтінге тұншығып отыр

Атырау қаласының іргесіндегі «Теңдік» бекетінің тұрғындағы далаға шығып, таза ауа жұтудан қалған. Оған ауылға жақын орналасқан «НефтеСтройСервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальт-бетон зауытынан шыққан қара түтін себеп екен, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.  

Тұрғындар  зауыт жұмысын тоқтатып, не болмаса өздерін ол аумақтан көшірулерін талап етіп отыр.

Жаңа туған, 1 айлық балаларымызбен үйде отырамыз. Оларды серуенге шығарып, ауа жұтайық десек, жүру мүмкін емес. Жағымсыз иіс таңғы 3 те басталады, содан түске дейін созылады. Кешке жүрейік десек тағы сол. Бұл жерде ауру болдық. Асқазанымызды өлтіріп барады. Бұл жерде көп үй қалған жоқ. Осы аумақтан не бізді көшірсін, не мына зауыттың жұмысын тоқтатсын, - дейді бекет тұрғыны Жаңыл Жаранова. 

Тұрғындар шағым түсірген бойда, облыстық экология департаментіндегілер ауадан сынама алыпты. Оның нәтижесінде көмірқышқыл газы нормадан 5 есе, ал көмірсутегі 1,5 есеге асқан. Қазір экологтар өндіріс орнына жоспардан тыс тексеріс жүргізіп жатыр. Оның шешімі 2-3 күнде дайын болады. Ал атмосфералық ауадан алынған сынаманың нәтижесі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданған. Өнеркәсіп иесіне шара қолдану сол мекеменің құзырында. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен атмосфералық ауаға қойылатын гигиеналық нормативтардың бұзылу фактісі анықталды. Іс-құжаттардың бәрі жинақталып, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Олар «НефтеСтройСервис ЛТД» компаниясына қатысты әкімшілік хаттама толтырып, жазаға тартуы тиіс. Бізге тұрғындардан түскен шағым бойынша, өз тарапымыздан зауытқа жоспардан тыс тексеріс аштық, - деді Атырау облысы экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов. 

Әлеуметтік желіде резонанс тудырған мәселеге қатысты компанияның баспасөз қызметі түсінік берді. Сөздерінше жуық арада өңірдегі жол проблемасын шешуге атсалысу үшін өнім өндіру қарқынын бірнеше есеге арттырған. Соның кесірінен өндіріс орнындағы құрылғылардың бірі істен шығыпты. 

Біздің зауытта облыстағы жол құрылысына қажетті асфальт-бетон қоспасының 85-90 % шығарылады. Оқу жылы басталардың алдында қалада көлік кептелісі туып, келеңсіздік туарын білдік. Сол себепті жұмыс қарқынын күшейттік. 25 тамызда біздің зауыттағы бүріккіштердің бірі істен шықты. Осыған байланысты түскен қиыршық тасты тазалау кезінде құмды шаң түріндегі қалдықтар пайда болған. Қызметкерлер мәселені дер кезінде қолға алып, ретке келтірді. Қазіргі уақытта еш ақау жоқ, - деді «НефтеСтройСервис ЛТД» ЖШС баспасөз қызметі.

Айта кетейік, асфальт-бетон зауыты өз жұмысын 2019 жылы бастаған. Егер компанияның кінәсі дәлелденсе, өндіріс орны айыппұл төлеуі мүмкін. Ал тұрғындар ауаны ластағаннан бір рет қаржы төлеп, жауапкершіліктен құтылу оңай екендігін айтады. Жергілікті билік бұқара базынасына құлақ асып, екі тарапқа тиімді шешім шығарады деген үмітте. 

Өзгелердің жаңалығы