Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Тең Қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы» жыл басынан бері 13 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматқа ақпараттық–консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, жұмысқа орналасуға кеңес беру, психологиялық көмек түрлерін көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мамандардың көмегімен 998 адам әлеуметтік қызметтер көрсету порталы арқылы көмекші техникалық құралдарын алған. 52 азамат қоларба және 466-ы протез ортопедиялық құралдарымен қамтылған және 1 жарым мыңға жуық қызмет алушы санаторлық-курорттық емделуге жолдама алды.
Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысы бүгін Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева, қалалық мәслихат депутаты Қайрат Имашев бастаған жұмыс тобы және «Аманат» партиясының Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлжайна Жартыбекованың орталықты аралау барысында баяндалды.
Басқарма басшысы мен партия белсенділері «Тең Қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының» қызмет алушыларымен сөйлесіп, оларды толғандырған өзекті мәселелерін тыңдады. Ерекше жандар инватакси, мәдени іс-шаралар мен әлеуметтік көмекке қатысты бірқатар өтініш-тілектерін жеткізді. Кездесу барысында атап көрсетілгеніндей қазіргі таңда инватакси саны артқан. Ерекше күтімді қажет ететін тұрғындарға 34 арнайы көлік қызмет көрсетуде. Сала мамандарына қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында мүгедектігі бар азаматтардың уәжін ескере отырып, бірлесе жұмыс атқарылуы тапсырылды.