Теміртаулық бойжеткен Кореяға жолдама жеңіп алды

21 Маусым 2022, 11:28
1460
Бөлісу:
Теміртаулық бойжеткен Кореяға жолдама жеңіп алды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада онлайн жарыстан викторинаға жеткен 35 қатысушы Корея Республикасының туризм саласы, мәдениеті, тарихы, тағамдары, дәстүрі мен тіл білу деңгейіне қарай сайысқа түсті.

Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі Корея туралы Quiz on Korea викторинасын өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы тур өткен жылғыдан қиын болған. Іріктеуден өткендердің ішінде Алматы, Ақтау және өзге қалалардан келгендер бар. 

Теміртаулық бойжеткен Кореяға жолдама жеңіп алды



Квиз жеңімпазы Оңтүстік Кореяға тегін жолдама алады. Онда Quiz on Korea турнирінің ақтық сайысы өтеді. Сайыс Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналып отыр. 

Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок қазақстандықтардың арасында Корея туралы қызығушылық танытатындардың көп екенін және онлайн сайысқа 160-қа жуық адам қатысқанын атап өтті.

Теміртаулық бойжеткен Кореяға жолдама жеңіп алды

Менің Қазақстандағы миссияма екі жыл болды. Quiz on Korea да биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жылы сұрақтар күрделене түсті. Соған қарамастан қатысушылардың қарасы азаймады. Биыл Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық ынтымақтастыққа 30 жыл толып отыр. 30 жыл адам баласының өміріндегі маңызды кезең. Адам толық ересек өмірге өтеді. Сондықтан біздің елдер арасындағы ынтымақтастық та кемелдене түсті деуге болады. Қазақстандық азаматтармен кездескенде елдер арасындағы 30 жыл достық орнатқанына көзім жетеді. Алдағы 30 жылда да қарым-қатынас әсерлі бола түседі деген үміттемін, - деді елші. 

Корея елшісі айтқандай, елдердің негізгі ынтымақтастығын экономикалық негіз құрайды. 

Біздің елдер дипломатиялық қатынасты енді орнатқан кезде тауар айналымы 110 млн долларды құрайтын. Қазір бұл көрсеткіш 3 млрд доллардан асты. Бұл өсім 290 есені құрағанын көрсетіп отыр. Кореяда өндірілетін көліктер мен смартфондарды сіздердің қолдарыңыздан көруге болады. Қазақстандықтардың арасында корей тілін білетіндерді де жиі кездестіремін. Біздің елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсу үшін биыл және келесі жыл мәдени өзара байланыс жылы деп жарияланды, - деді ол. 

Quiz on Korea додасына 7 команда 5 адамнан іріктелді. Олар бірнеше кезеңнен өтіп, 3 жеңімпаз команда финалдық ойынға шықты. Қалған командалардың қатысушылары арасында сұрақтарға жауап беру арқылы тағы 10 қатысушы финалға іріктелді. Ақтық сайыста әрбір қатысушы өзі үшін ойнайды. Ойынның соңында 5 жеңімпаз анықталды. Бесінші орынды Нұрасыл Вафина, төртінші орынды Әлия Дауылбай, үшінші орынды Райля Уснадинқызы, екінші орынды Салтанат Жансейіт, бірінші орынды Айзере Зарубаева алды. 

Жеңімпаздар смартфон, смарт-сағат сынды бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал жеңімпаз басты сыйлық Кореяға бір апталық саяхатты жеңіп алды.

Айзере Зарубаева - Теміртаудың тумасы, жасы 22-де. Қазір елордада еңбек етіп жатыр. 

Жалпы менің Кореяға деген қызығушлығым 2017 жылы ашылды. Сол кезден бастап әртүрлі сайыстарға қатыстым. Викториналарға да қатыстым. Алайда онда ешқандай жүлделі орын алмап едім. Қазірдің өзінде бірінші орынды қалай алғаныма толық сезіне алмай тұрмын. Тамыз айының соңында Кореяға барып, қыркүйек  айының басында әр елден келген қатысушылармен финалдық ойын  өтеді. Бүгін де ақылды қатысушылар көп болды. Мен бірінші орын аламын деп ойламадым. Бірақ менің мақсатым үздік бестіктің қатарында болу еді. Корей мәдениетіне қатты қызығамын. Корей мәдени орталығы әртүрлі тіл курстарын тегін ұйымдастырады. Сол курстардың арқасында корей тілін меңгеріп алдым. Қазір басқа курстарға барып, тіл деңгейін шыңдап жүрмін, - деді Зарубаева.

Өзгелердің жаңалығы