Теміртауды Теміртау емес, Түтінтау десек болады – қаланың экологиясына алаңдаған депутат

7 Желтоқсан 2022, 12:13
1791
Бөлісу:
Теміртауды Теміртау емес, Түтінтау десек болады – қаланың экологиясына алаңдаған депутат
Фото: arbat.media

Теміртау қаласының экологиялық мүшкіл жағдайына алаңдаған Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Семей полигонының зардабын шеккеніміз, еңсесін тұз басқан Аралдың қасіретін көргеніміз, гептилдің уын жұтқанымыз аз болғандай, Теміртау қаласының асқынған экологиялық ахуалы еңселі ел көңілін алаңдатып отыр.  Қазіргі кезде Теміртауды Теміртау емес, шын мәніндегі Түтінтау десек болады. Бұл қалада аспаннан жауған аппақ қардың өзі жерге қонғанда адам шошитын қара түске боялады. Қап-қара қардың үстінде ащы түтін мен улы газға тұншығып, күркілдеп жөтеліп бара жатқан қала тұрғындарын көргенде қабырғаң қайысады, - деді Аманжол Әлтай өзінің депутаттық сауалында.

Ол атап өткендей, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында 28 жылдың ішінде еңбек заңы белден басылды, жұмысшылардың құқығы қорғалмады, еңбек қауіпсіздігі сақталмауының кесірінен шахталардағы жарылыстан жүздеген адам мерт болды, модернизация жүргізілмей, өндірістегі жабдықтар әбден тозды, экологиялық қондырғылар жаңартылмады, соның кесірінен бүгінде атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтар белгіленген нормадан бірнеше есе асып түсіп отыр. 

Теміртау қаласы бойынша шығарындылардың нақты көлемі 2021 жылы 243 мың, 2020 жылы 242 мың тонна деп көрсетілген. Алайда бұл статистикалық деректер шындыққа мүлдем сәйкеспейді. Мәселен, 2019 жылы азот диоксиді 12 есе, күкірт сутегі 13 есе, күкірт диоксиді 10 есе асып кетуімен зиянды заттардың 61 жағдайы тіркелген. Сондықтан сараптау жүргізіп, нақты ақиқатты ашып көрсететін тәуелсіз экологиялық эксперттік аудит жүргізуді талап етеміз, - деп айтты депутат Әлтай.

Оның мәліметінше, әлемнің төрт континентінде, 18 мемлекетте өндірістік кәсіпорындары бар «АрселорМиттал» компаниялар тобынан атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларының 50%-ға жуығы Теміртау комбинатына тиесілі және көмір қолданатын жалғыз кәсіпорын. 

Депутат Үкіметтен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на тәуелсіз экологиялық эксперттік аудит жүргізілуін, модернизация жүргізуді, заман талабына сай экологиялық қондырғылар, автоматты мониторинг аспаптарын орнатуды, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтау қатаң бақылауға алуды, табиғатты қорғау шаралары күшейтіліп, әлеуметтік салаға көмектесуге назар аударуды және жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесін қолға алуды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы