Теміртауды қара түтін басты, экологтар тексеріс басталғандығын хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде Теміртау қаласын бірден қара түтін басқандығы түсірілген видео тарады. Облыстық Экология департаменті “Bassel Group LLS” ЖШС-на қатысты тексеріс жүргізілетіндігін айтты.
Міне, қараңыздар! Біз бүгін немен дем алып жүрміз. Біздің жағдайымызда ешкімнің шаруасы жоқ. Қараңыздар, міне сұмдық!, - дейді видеоның авторы.
Желіде тараған видеоға қатысты экогология мамандары шұғыл түрде тексеріс басталғандығын хабарлады.
Түтінге булыққан тұрғындардың шағымы бойынша Қарағанды облысының экология департаментінің мамандары “Bassel Group LLS” компаниясына шұғыл тексеріске шықты, - деді департаменттің ресми өкілі Диана Сапарқызы.
Мамандардың айтуынша, тексеріс нәтижесі қосымша хабарланатын болады.
“Bassel Group LLS” ЖШС өндірістік кәсіпорын болып табылады. Компания Теміртау қаласының кәсіпорындарына электр энергиясын өндірумен айналысады. Қазіргі уақытта электростанцияда кеңес заманынан бері жиналған 58 гектар жерде күл бар.
Қатты жел салдарынан күл ауаға көтерілді. Біз күлді дымқылдандыру бойынша шараларды уақытылы жасай алмадық. Соның салдарынан осындай жағдай орын алды. Егер де күлге су шашқанда ол қалаға тарамайтын еді. Мұндай жағдайды болдырмау үшін кешенді шаралар атқаратын боламыз, - деді "Bassel Group LLS" компаниясының техникалық директоры Андрей Додонов.