Теміртауда жолаушылар автобусында 18 жастағы жігіттің аяғына 30 жастағы ер адам пышақ сұғып алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды.
Куәгерлердің айтуынша, №107 автобустағы жанжал жас жігіттің автобус терезесін ашуға тырысқаннан кейін болған. Тағы бір жолаушы оның бұл әрекетіне кедергі келтіріп, аяғынан пышақ сұғып алды. Зардап шегуші қансырай бастаған. Жүргізуші автобусты тоқтатып, оқиға орнына жедел жәрдем және полиция шақырылды. Жедел жәрдем келгенше жолаушылар ер адамның аяғын шарфпен таңып тұрған.
Жедел жәрдем бригадасы келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 30 жастағы шабуылдаушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаны объективті және жан-жақты тергеуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Полиция департаменті тергеуді бақылауда, - делінген хабарламада.