Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жол-көлік апаты кезінде автобус салонында 19 адам болған. Олардың бесеуі түрлі жарақат алды.
27 мамыр күні кешқұрым Қарағанды облысы, Теміртау қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау"АҚ оттегі цехының ауданы маңында жолаушылары бар автобус жолдан тайып, жарға құлап кетті.
Болжам бойынша, 33 жастағы жүргізуші рөлді басқара алмай, жолдан шығып кеткен. Жол-көлік апаты кезінде автобус салонында 19 адам болған. Олардың бесеуі түрлі жарақат алды.
Оқиға орнынан түсірілген видеоны әлеуметтік желілерге оқиғаның куәгерлері жариялаған. Кадрда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жедел жәрдем бригадалары мен полиция келгені байқалады.
Жол-көлік апаты салдарынан бес адам зардап шекті. Олардың төртеуі жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Бір адам медициналық мекемеге өзі жүгінді. Зардап шеккендердің арасында бір пациенттің бел омыртқасы сынған. Ол ауруханаға жатқызылды. Екінші задап шегішінің жамбас сүйегінде сынық бар. Ол ауруханаға жатудан бас тартты. Тағы үшеуінің миы шайқалған. Олар бастан-аяқ тексеріліп, амбулаторлық емдеуге жіберілді,-деп хабарлады Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.Аймақтық Полиция департаментінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Полиция қызметкерлері барлық қажетті сараптамаларды тағайындады.