Әлеуметтік желіде Теміртаудың орталығында қыздың тапаншадан оқ атқаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметке аймақтық полиция түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақпарат Instagram-дағы temirtau.city парақшасында жарияланды.
Абай көшесінде, Металлургтер даңғылына жақын жерде бір қыз адамдарға тапаншамен оқ атты, - делінген әлеуметтік желіде жарияланған видеодағы жазбада.
Аталмыш видео бойынша Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Полиция Теміртау көшелерінде қыздың қару қолданғанын растаған жоқ. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
27 ақпанда сағат 09:40 шамасында Теміртау қаласындағы Металлургтер даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында Hyundai Palisade және Hyundai Santa Fe көліктерінің жүргізушілері жол қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, олардың арасында ауызша жанжал туындаған. Жанжал барысында Hyundai Santa Fe көлігінің 36 жастағы жолаушысы "Тула А+А" аэрозолін Hyundai Palisade-тің 34 жастағы жүргізушісіне қарсы қолданған, - деп хабарлады Полиция департаменті.
Аталған факті бойынша бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылар полиция бөліміне жеткізілді, тергеу амалдары жүргізілуде.