Теміртау қаласының прокуроры Арман Омаровтың бастамасымен қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара "Заң және тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылып, оған құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қала прокуратурасы 2024 жылғы криминогендік жағдайға талдау жүргізіп, жалпы қылмыс деңгейінің 6,5%-ға төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар, алаяқтық, есірткі қылмыстары және кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың өсуі тіркелді. Ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе – алкогольдік масаң күйде көлік жүргізген жүргізушілер жасаған жол-көлік оқиғаларының санының артуы.
Кеңеске қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алуда кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Негізгі бағыттар ретінде қауіп тобындағы азаматтармен жұмыс, құқықтық ағарту, проблемалық аймақтарда бақылауды күшейту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын дамыту ұсынылды.
Қала прокурорының орынбасары Бектас Омарбеков жекелеген қылмыс түрлерінің өсу себептеріне талдау жасап, олардың алдын алу бойынша ұсыныстар енгізді. Кездесу қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен шешімдер қабылданды.