Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Теміртау қаласының құрылғанына 75 жыл толды. Бұл күн Жеңістің 75 жылдығымен және алғашқы қазақстандық болаттың өндірілуінің 75 жылдық мерейтойымен тығыз байланысты.
Қала тарихы сұрапыл соғыстан кейінгі ауыр да, күрделі жылдардан бастау алды. Барлық қазақстандықтар үшін ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек отаны болып мәңгілікке қалады. Қаланың қалыптасуы мен дамуы Елбасымен және алғашқы металлургтермен тығыз байланысты. Елбасының тапсырмасы бойынша қалада емхана салынды. Ал бүгін 320 орындық жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Сондай-ақ 2-ЖЭО-да №7 жаңа қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Жобаны 2021 жылы аяқтау жоспарлануда, – деп жазды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Облыс әкімінің айтуынша, қаланың экологиялық мәселесі ерекше назарға алынған. Бұл үшін салалық министрлікпен бірлесіп, өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындыларының көлемін азайту бойынша жұмыстарды жүргізілуде. Тұңғыш Президенттің бесінші бастамасы аясында облысты, оның ішінде Теміртауды газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жақын күндері құрылысы аяқталған газ тарату желілері «Қазтрансгазға» берілетін болады.
Бүгін Теміртау қаласының Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен қолға алынған болашақ алма бағының көшеттерін отырғызуға қатыстым. Сондай-ақ жас спортшыларды қалаға меценат Иван Георгиади сыйға тартқан теннис кортының ашылуымен құттықтадым. Сонымен қатар Елбасымыздың жолдастарымен кездесіп, қаланы дамытудың мәселелерін талқыладық. Бүгінгі күні барша теміртаулықтарды қала күнімен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық пен молшылық, табыс және барлық жақсылықты тілеймін!, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.