Темекі өнімдерін таңбалау жұмысы жеңілдейді

28 Қыркүйек 2021, 14:42
4927
Бөлісу:
Темекі өнімдерін таңбалау жұмысы жеңілдейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сонымен бірге алкоголь өнімдерін таңбалау және қадағалау бойынша қолданыстағы пилоттық жобаны жою туралы да шешім қабылданды. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау және қадағалау мәселелері бойынша кезекті кеңес өтті.

Атап айтқанда, сүт өнімдерін, темекі және алкоголь өнімдерін таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобаны іске асыру мәселелері қаралды.

Кеңес барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ә. Смайылов тауарларды таңбалау жүйесі бөлшек сауда сатушылары-шағын бизнеске белгілі бір ауыртпалық әкелетінін атап өтті.

Аталған кеңестің қорытындысы бойынша Қаржы министрлігіне темекі өнімдерін таңбалауды өндірушілер мен импорттаушылар және көтерме саудада өткізушілер деңгейінде ғана жалғастыру тапсырылды. Бұл ретте бөлшек сауда сатушыларына тауарларды 2D сканерлерді сатып алмай және қолданбай таңбалау жөніндегі бірыңғай оператордың ақпараттық жүйесінде алғанын растау жеткілікті болады. Осылайша, шағын бизнеске қосымша қаржылық және әкімшілік жүктеме алынып тасталады, - деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінде.

Сондай-ақ алкоголь өнімдерін таңбалау және қадағалау бойынша қолданыстағы пилотты жою туралы шешім қабылданды, бұл ретте нарықтың жосықсыз қатысушылары мен заңсыз өнімдер салықтық және азаматтық бақылау арқылы анықталатын болады.

Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы кеңес барысында айтылған шешімдерді толық қолдады.

Сонымен қатар, тұтынушыларды контрафактілік өнімдерді тұтынудан қорғау мақсатында Сауда және интеграция министрлігіне тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінің оң жақтары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

 

 


Өзгелердің жаңалығы