Тельман Малаев: Ақтөбеде мамандар тапшы, сондықтан жолдар сапасыз салынады

18 Қыркүйек 2024, 16:40
370
Бөлісу:
Тельман Малаев: Ақтөбеде мамандар тапшы, сондықтан жолдар сапасыз салынады
Фото: автордан

Ақтөбе облысындағы бүгінгі өзекті мәселелердің бірі — жол. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды айтпағанда, қала ішіндегі жолдардың сапасы сын көтермейді. Біз «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаевпен биылғы атқарылып жатқан жұмыстар мен өңірдегі жолдардың сапасы жайлы сұрап білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Тельман Жәдігерұлы, алдымен өңірдегі республикалық жолдардың жағдайына тоқталсаңыз. Биыл қандай олқылықтар анықталды?

— Қазіргі таңда облысымызда қайта жаңарту жұмысы «Ақтөбе-Астрахань» тас жолында жүріп жатыр. Бұл жол облыстағы төрт ауданды жалғайды. Олардың қатарында Алға, Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандары бар. Бүгінде тас жолдың Темір мен Байғанин ауданы аралығындағы учаскелері салынып аяқталды. Қазір «Ақтөбе-Қандыағаш» жолы салынып жатыр. Бұл жолдың ұзындығы — 95 шақырым. Қазір бұл жолды қайта жаңарту жұмыстарын екі мердігер ұйым жүргізіп жатыр. Атап айтсақ, автокөлік жолының 11-52 шақырымын жөндеуге «Сине Мидас Строй» компаниясы, ал 52-ші шақырымынан Қандыағашқа дейінгі аралықты жергілікті «АссанаДорСтрой» компаниясы салуға жауапты. Бұл жолдың сапасын бүгінде тапсырыс берушіден бастап, біздің орталық, сондай-ақ жобалаушы және техникалық қадағалаушы, яғни төрт жақ тараптан бақылап, тексеріп отырмыз.

Ал кемшіліктерге келсек, биыл жыл басында осы республикалық жолдың 11-52 шақырымына тасымалданған 144 вагон қиыршық тас сапасыз болып шықты. Оны мердігерлер Мұғалжар ауданынан арнайы тапсырыспен алдыртқан. Дегенмен біздің орталықтың мамандары материалдан сынама алып, уақытында олқылықтарды анықтады. Соның арқасында қиыршық тас пайдалануға берілмеді. Қазіргі таңда бұл материал жол жиегіне төгіп тасталды.

Жалпы, жоспарға сәйкес биыл «Ақтөбе-Қандыағаш» тас жолы пайдалануға берілуге тиіс. Қазіргі таңда бірінші учаскеде 25 шақырым жолдың үстіңгі қабаты қалып тұр. Екінші учаскеде 8 шақырым жол қалды. Сондай-ақ қазір мердігер ұйымдар жол жиегіндегі жол белгілері мен таңбаларын орнатумен айналысып жатыр. Мәселен, жол белгілерін орнату жұмыстарын орталық мамандары қадағалап жатыр. Себебі біздің қолымызда рефлектометр деген құрал бар. Осы құралдың көмегімен мамандарымыз түнгі мезгілдегі көліктердің жол таңбалары мен белгілерін көру деңгейін қадағалап, тексеріп жатыр.

Биылғы кезекті Жолдауында Президентіміз айтқандай, республикалық жол биыл халыққа қолданысқа берілуі керек. Ал қалған бітпеген жұмыстар келесі жылға қалдырылады.

Бірнеше жылдан бері облыс тұрғындары өңірдегі жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтып, шағымданып келеді. Жалпы жол сапасына қандай факторлар әсер етеді? Және бұл салада облыста қандай проблемалар бар?

— Ақтөбе облысында жыл сайын жолдарды жөндеуге, қайта жаңартуға, сондай-ақ күтіп ұстауға қыруар қаржы бөлінеді. Алайда жол жөндейтін мердігер мекемелер жол салудың технологиясын сақтамайды. Мәселе — осында. Бір мысал келтірейік, жол салғанда асфальт жамылғысы талапқа сәйкес тығыздалмаса, онда оның арасында тесіктер пайда болады. Сондықтан талап бойынша асфальтты 12 рет нығыздау керек. Ал біздегі мердігерлер асфальт үстін 3-4 рет қана нығыздайды. Дұрыс нығыздалмаған асфальт су тиген кезде шашылып қалады. Міне, осыдан келіп Ақтөбе көшелеріндегі асфальт көктемде қармен бірге «еріп кетеді». Жалпы, Ақтөбе облысында жол саласына қатысты кәсіби білікті мамандар саны жетіспейді. Мысалы, жолдың сапасын бақылайтын маман — техникалық қадағалаушы өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруы керек. Өкінішке қарай, өңірімізде техникалық қадағалаушының аты бар да, заты жоқ. Соның кесірінен, әсіресе, қалалық, аудандық жолдар сапасыз болады. Ал республикалық жолдардың сапасы неге жақсы? Себебі оларды техникалық қадағалаушылар үнемі қадағалап отыр. Ал облыстық, аудандық жолдарды кәсіби мамандар тексермейді. Халық қашан да жолдың жамандығын әкімдік пен біздің орталықтан көрінеді, негізінде жолдың сапасына техникалық қадағалаушылар тікелей жауапты. Олар жыл сайын қыруар қаржы алып, жұмыс істейді.

Бірақ кейбір техникалық қадағалаушылардың құрал-жабдығы да, формасы да жоқ. Демек, бұл жерде басты жұмысты мамандардың тапшылығын жою мәселесінен бастауымыз керек.

Тағы айта кететін жайт, соңғы жылдары жол салу жөніндегі тендерді жергілікті компаниялар емес, өзге өңірлерден келген мекемелер ұтып алады. Мәселен, биыл Павлодар, Түркістан облыстарының компаниялары өңірімізде жол салып жатыр. Ал олар жұмысшыларды осы өңірден алады, яғни ақтөбеліктерді жалдайды. Биыл көктемде біз Қарғалы көпірін тексердік. Талапқа сай, көпір салған уақытта мамандардың біліктілігі бірінші санатты болуы керек. Себебі көпір салу — өте жауапты жоба. Мәселен, ертең көпір құлап қалса кім жауап береді? Біз осыны ескеріп, тексеріс жұмыстарын жүргізген кезде ол жерде екінші санаттағы мамандардың жүргенін көрдік. Осы мәселені қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарына айттық. Содан кейін мердігер ұйым мамандарын өзгертті. Міне, өңірімізде осындай олқылықтар да бар.

Жол жағдайының жақсармауына тағы бір себеп — жолға жауапты мемлекеттік мекемелерде кәсіби мамандардың болмауы. Бүгінде аталған бөлімдерге басшы я маман болып экономист, заңгер, басқа да мамандар тағайындалады. Ал заңгер жолдың сапасы мен оны салудың нормаларын қайдан біледі? Ол жол саласының маманы емес. Міне, бұл жерде де мәселе туындайды. Міне, осы және өзге де мәселелерді зерттей келе, біздің орталық жыл сайын Ақтөбе автожол колледжінің оқушыларына дәріс өткізіп келеді. Мұндай шараларға біз облыстық басқармалар мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарын да шақырамыз. Өкінішке қарай, осындай оқуларға мекеме мамандары келмейді.

Қазір күз айы басталды. Мұндай мезгілде мердігер мекемелер күні-түні жұмыс істеуі керек. Оның ішінде зауыттардағы зертханалар, мердігер ұйымдар тәулік бойы жұмыстануға тиіс. Мысалы, зертханалар тәулік бойы салынып жатқан асфальттың құрамын, оның температурасын тексеріп отыруға тиіс. Сондай-ақ зауыттан тиелген материалдың үсті жабылуы керек. Егер технология ережелері сақталмаса, асфальт суып қалса, онда сапа болмайды. Қорыта айтсақ, жол сапалы болу үшін ауа райы ашық, материалдың құрамы жақсы, мамандардың біліктілігі жоғары болуы керек.

— Биыл «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалы мамандары қанша нысанды тексерді? Қандай ақаулар немесе кемшіліктер анықталды?

— Биыл біздің орталық жоспарға сәйкес 180 нысанның 140-ын қамтыды. Қалған нысандар жыл аяғына дейін тексеріледі. Жыл басынан бері 1500-ге жуық жол құрылысы материалын тексердік. Нәтижесінде соның 200-і нормаға сәйкес келмеді. Ал ақауларға келсек, облыс бойынша салынып жатқан жолдарда 120 ақау анықталса, соның 50-і әлі күнге дейін жойылған жоқ. Жалпы, қазір облыс орталығында 40 шақты көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Алтынсарин, Скулькин, Мәскеу көшелері, сондай-ақ Кеңес Нокин, Қызылжар ауылындағы бірнеше көше бар. Бұдан бөлек, жуырда Ақтөбе қаласындағы Кеңес Нокин даңғылына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Бұл жобаны «ДорСтрой» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Жуырда біз осы даңғылдың жолына тексеріс жұмыстарын жүргізген едік. Нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталды.

Сондай-ақ жуырда Оңтүстік Батыс тұрғын алабының тұрғындары жолға қатысты шағымдарын жеткізді. Бұл ауданда қазір бір мердігер ұйым жұмыс жасап жатыр. Ең қызығы, әлгі мекеме бірнеше жерден тендер ұтып алған. Сондықтан техникасы мен жұмысшысын жеткізе алмауда. Көктемде басталған жол салу жұмыстары әлі бітпеген. Тұрғындар бізге асфальт жамылғысының материалын әкеліп, шағымдарын айтты. Біз мамандарымызбен барып халықпен кездестік. Ал тұрғындар әкелген материал нормаға сәйкес келмей шықты. Нәтижесінде мердігер ұйымға салған жолын алдыртып тастадық. Міне, осы оқиғадан кейін тұрғындар бізге сеніммен қарай бастады. Себебі халықтың қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жұмысына көңілі толмайды. Жалпы біздің орталық тұрғындардан шағым түссе, міндетті түрде барып жол сапасын тексеруге дайын.

— Орталықтың жұмысы мен мамандар жайында айта кетсеңіз. Сіздерде мамандар тапшылығы бар ма?

— «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалы 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біздің басты міндетіміз — репсубликалық, облыстық, қалалық, аудандық жолдардың сапасын бақылау. Бүгінде орталықта 20 маман жұмыс істейді. Биыл облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы — бір, Ақтөбе автожол колледжінен екі жас маманды жұмысқа алдық. Бұл үш маман да штаттан тыс жұмыс істеп жатыр. Мұндағы мақсат — жас мамандарды тәрбиелеу, оларға білгенімізді үйретіп, кәсіби маман болып шығуына өз үлесімізді қосу.

Қазіргі таңда біздің филиалда зертхана жұмыс істейді, сондай-ақ жылжымалы жол зертханасы да бар. Осы зертханалардың көмегімен бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес диагностика жүргізіп жатырмыз. Биыл жыл басынан бері облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, Хромтау, Темір, Мәртөк, Шалқар аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерімен келісімшарт жасастық. Алдағы уақытта осы мекемелерге қарасты аумақтағы жолдарға диагностика жүргізіп, облыстық, аудандық жолдардағы ақауларды саралайтын боламыз. Бұдан бөлек, келер жылы қандай жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуі керектігін анықтаймыз.

Ал орталықтағы мамандарға келсек, бізде мамандар тапшылығы бар. Бұл жөнінде

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына ұсыныс бердік. Биыл орталық республика бойынша өңірлерге жалпы саны 180 қосымша маман алу жөніндегі бастаманы қарастырып жатыр. Оның ішінде Ақтөбе облысына 5-6 маман қажет. Мәселен, оның үшеуі зертханаға бөлінсе, үш маманды инженерлік бөлімге орналастырамыз. Жалпы Ақтөбе облысы — республикада жер көлемі жағынан ірі облыстың бірі. Сондықтан штаттар санын көбейту біз үшін маңызды. Бір айта кетер жетістігіміз, бүгінде біздің орталық облыстағы жол құрылысы нысандарын 100 пайыз қамтып отыр.

— Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы