Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Qazaqstan республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ-ның телевизияның жас мамандарына арналған Медиамектебінің алғашқы түлектеріне сертификат табысталды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров түлектерді құттықтай отыра сертификаттарды табыстады.
Біздің қатарымызға жаңадан әріптестер қосылды. 7 айдың ішінде маман дайындап шығарылды. Резервте тұрған мамандар да бар. Бұл-жақсы бастама. Болашақта біз мұндай тәжірибені өзге медиа да пайдалануды жоспарлап отырмыз. Медиа саласы күнде өзгеріске ұшырайды. 20 жыл бұрын интернет-портал БАҚ ретінде саналмайтын. Қазір оны дәстүрлі БАҚ-қа жатқызамыз,- деді Омаров.
Министр атағандай, Balapan телеарнасы былтыр анимация мектебін ашты.
Ол мектептен 30-дан астам маман оқып шықты. Біздің анимация мектебіне Түркия да қызығушылық көрсетті. Олардың жастарын жа оқытуды ұсынды. Ертең осы отырған жастар медианың әр саласында белді маман болып отыратынына сенімдімін,- деді ол.
Өз кезегінде Телерадиокешеннің басқарма төрайымы Ләззат Танысбай 7 айлық оқыту өз мәресіне жеткенін айтты.
Біздің мақсатымыз - тәжірибемен, біліммен бөлісу, қарашаңырақтағы кадрлар сабақтастығын жалғау. Осы ретте «Қазақстан» телерадиокорпорациясының телевизия мамандарына арналған медиамектебінің жұмысы тұрақты түрде жалғасатынын хабарлаймыз. Ірі медиақұрылым ретінде еңбекке енді араласатын жас мамандарға қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Медиамектептің алғашқы түлектері сабақ берген мамандарға ризашылығын білдірді.
Отандық ақпарат кеңістігінде телерадиоарналар жанынан құрылған республикалық тұңғыш медиамектеп 2021 жылғы қараша айында жұмысын бастады.
7 ай мерзім аралығында медиамектепте қазақстандық ЖОО-ның журналистика, кино және телевизия, режиссура факультетінің 30 студенті ақысыз негізде практикалық курстардан өтті.
Шарада «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ-ның құрылымдарына қызметке және кадрлық резервіне қабылданатын қатысушылардың есімдері аталады.