Телефонға жіберілетін SMS-тер тиімсіз болып отыр – ТЖД
26 Қараша 2019, 14:15 1406

Телефонға жіберілетін SMS-тер тиімсіз болып отыр – ТЖД

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматылықтардың телефонына төтенше жағдайлар бойынша жіберілетін хабарламалар тиімсіз болып отыр. 

Қалада 2 млн-нан астам халық бар, сондықтан хабарламалар 4-5 сағатқа кеш жетеді. "Жер сілкінісі болады" деген хабарламаны халық кеш алып, "тағы да жер сілкінісі бола ма?" деп бізге телефон соғады. 

Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров қала әкімдігінде өткен брифинг барысында айтты.

Осындай келеңсіздіктен кейін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті ҚР География институтымен бірлесіп халыққа уақытылы ескерту жасайтын телефон қосымшасын әзірлепті.


Қазір "Дармен" қосымшасын іске қостық, оны кез келген телефонға тегін орнатып алуға болады. Ол жер сілкінісін, тағы басқа апатты жағдайды алдын ала хабарлап отырады. Бұның қандай пайдасы бар дегенге келсек. Мәселен, Жапонияда жер сілкінісі болатыны  хабарланғанда олар 5-7 секунттың ішінде газды өшіріп үлгереді екен. Бұл апат кезіндегі өрттің алдын алуға көмектеседі, сондай-ақ, қатты жылдамдықта кетіп бара жатқан метродағы пойыздарды да тоқтатып үлгеруге болады, - дейді ол. 

Егер жер сілкінісінің ошағы 200 шақырым жерде болса сіздің қосымшаңызға ескерту 18-20 секунд бұрын жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл аралықта адам не істеу керек екенін саралап, қауіпсіз жерге тығылып үлгеретін көрінеді.

Сондай-ақ, ол халыққа қауіпсіздік ережелерін үнемі үйретіп отыру керектігін айтты.

Бізде бәрін Төтенше жағдайлар қызметіне қаратып қойған. Олар да адам, сондықтан кез келген адам дайын болу керек. Қауіпсіздік ережелері балабақша, мектепте айтылады да кейін ұмыт қалады. Мәселен университет, жұмыс орнында ол жайлы көп айтыла бермейді. Алматы Орталық Азиядағы ең сейсмологиялық аймақ. Сондықтан халық қауіпсіздік ережелерін үйренуге алдымен өздері мүдделі болу керек, - деді департамент басшысы.

Сөз арасында ол апатты жағдай бола қалған кезде Алматыда халық жиналатын 200-ден аса орын белгіленгенін айтты.

Бұл орындар мектеп, футбол алаңдары және сондай қауіпсіз жерлер. Кез келген адам үйінің маңындағы осындай жерлерді біздің сайтқа кіру арықлы біле алады, - деді Серік Әубәкіров.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...