Техникалық мамандықтарға 60% грант бөлінді

15 Шілде 2024, 13:07
210
Бөлісу:
Техникалық мамандықтарға 60%  грант бөлінді
Фото: Арман Мухатов - Архив

Биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық бағыттарға аса назар аударылады. Осылайша, барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант тиесілі, - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Жыл сайын жалпы грант санынан арнайы квота бөлінеді. Биыл да әлеуметтік осал топтарға квота сақталады. 2022 жылдан бастап ауыл квотасы 35% болып бекітілген.

Атап өтетін жайт, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) талапкерлері негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинаса, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады. 2024 жылы жалпы грант санының 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінеді.

2022 жылдан бастап беделді халықаралық пәндік олимпиада, жарыс, конкурс жүлдегерлері мемлекеттік грантқа ҰБТ-сыз ие бола алатындығын айта кеткен жөн. Мемлекеттік грант конкурсында балдардың теңдігі жағдайында басымдылық «Алтын белгі» иегеріне беріледі. Биыл 7 мыңнан астам түлек «Алтын белгіге» ие болған.

Әскери борышын өтегендерге қатысты да тоқталсам. Өткен жылдан бастап олар ҰБТ-сыз әңгімелесу арқылы тек ақылы негізде оқуға түсе алады немесе жоо-ның ішкі гранттарына үміткер болады.

Өзгелердің жаңалығы