Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өткен брифингте қоғам белсенділері көліктің техникалық бақылауын жетілдіру қажеттігін мәлімдеді.
KAZ ECO PATROL Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Елеусізов көліктен бөлінетін зиянды қалдықтар ауаны ластап отырғанын айта келе, техниканы бақылау орталықтарының жұмысын жетілдіру қажеттігін айтты.
Жақында біз «Жасыл экономика» және полициямен бірігіп көшедегі көліктерге рейд жүргіздік, сонда көптеген көліктердің талапқа сай еместігі анықталды. Мені эколог ретінде айналамыздағы табиғаттың ауа сапасы алаңдатады. Біздегі ауаның ластануына қаладағы көліктер әсер етіп отыр, олардың үлесі 60 пайыз. Қаладағы көліктерге үш айда 14 рейд жүргіздік, оның барысында 122 көлік талапты бұзғаны анықталды. Олардың жартысы әкімшілік жауапқа тартылды, жартысына ескерту жасалды,-деді ол.
Сонымен қатар ол қаладағы техникалық жағдайы нормаға сай келмейтін көліктердің басым көпшілігі мемлекеттік мекемелер мен ірі бизнеске тиесілі екенін айтты.
Біз тоқтатқан көліктердің 70 пайызы мемлекетке және бизнеске тиесілі болды. Олардың техникалық жағдайы өте нашар. Бұл жерде бірінші кезекте жүргізуші, яғни техниканы басқарып жүрген адам жауапқа тартылды. Негізі көліктің иесі, заңды тұлға жауапқа тартылуы керек. Олар жұртшылық алдындағы жауапкершілікті сезінбейді. Заңда осы жағын қайта қарастырған жөн. Жалпы техникалық тексеруді алып тастай алмаймыз, оны керісінше жетілдіру қажет. Менің ойымша оны сақтандыру компанияларына тапсырған жөн,-деді эколог.