АҚШ-тың Техас штатындағы Ларедо қаласындағы теміржол станциясында тұрған жүк вагонынан алты адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, көз жұмғандардың жеке басы мен өлімнің нақты себептері әзірге белгісіз. Қазір бұл оқиғаға байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Газет Ларедо қаласының АҚШ пен Мексика шекарасында орналасқанын атап өтті. Оқиға қарсаңында қалада ауа температурасы Цельсий бойынша 32 градустан асқан. Ал жүк вагондарының ішіндегі температура бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Билік өкілдері қаза тапқандардың АҚШ шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған мигранттар екенін әзірге растаған жоқ. Сонымен қатар басылым соңғы он жыл ішінде бұл өңірде осындай бірнеше қайғылы жағдай тіркелгенін еске салды.