Тегіңізді қазақшалауға қалай қарайсыз?

12 Қазан 2022, 17:45
2160
Бөлісу:
Тегіңізді қазақшалауға қалай қарайсыз?

Осындай атаумен Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен “Болашақ жолы” үкіметтік емес ұйымының мүшелері тұрғындар арасында сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

 Біз сауалнаманы Ақтөбе қаласы және облыс аудандары орталықтарында жүргіздік. Сауалнама жүргізудегі басты мақсат- қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ел азаматтары мен азаматшаларына тегін қазақшаландыру бағытында насихаттау жұмыстарын жүргізу. Сауалнамаға мектеп оқушылары, студенттер, жұмысшылар мен қариялар қатысып, әр түрлі санаттағы 487 адам қамтылды, - дейді “Болашақ жолы” үкіметтік емес ұйымының төрағасы Нұрсұлтан Қалдыбай.

Сауалнама барысында ұйым өкілдері тұрғындарды азаматтардың тегін қазақшаландыру туралы ҚР Заңнамасымен таныстырып, орысша жалғаулардын бас тартып, қазақ тілінің қоғам арасында кең қолданысына қолдау білдіруге шақырды. Сондай-ақ тіл мәртебесіне қатысты тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады.

Тегіңізді қазақшалауға қалай қарайсыз?

 Әлі күнге дейін біз аты-жөнімізді орыс тіліне қарай бейімдеп жазамыз. Бұрын біздің ата-аналарымыздың фамилиясына -ов, -ев, -ова, -ева сынды жалғаулар жалғанып, сонымен құжаттарында қалып қойған. Ал қазіргі жастардың мұндай жалғаулардан бас тартқаны абзал. Біз, тәуелсіз елдің ұландары, «ұлы», «қызы» сөздерін қолданып, ұлттық бет-бейнемізді білдіріп тұратын заңдылыққа бағынуымыз керек. Қашанғы бодандықтың қамытындай -ов пен -ованы мойнымызға артып жүре береміз?, - дейді Н.Қалдыбай. 

Айта кету керек, қазақ тілінің заңдылығына сүйенсек, адамның тегін қазақшалағанда азаматтың тегі мен әкесінің атының түбір негізі сақталып, қазақ тіліне тән емес жалғаулар алынып тасталады. Сондай-ақ, әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне тән емес жалғаулардың орнына адамның жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» деген жалғау жалғанады. 

Өзгелердің жаңалығы