Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

31 Тамыз 2021, 12:05
5457
Бөлісу:
Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күн қалды. Білім ордалары, мектептер, колледждер, ЖОО-лар оқу процесіне қаншалықты дайын? Қашықтан оқытудан дәстүрлі форматқа көшуге студенттер мен оқытушылар дайын ба?

Осы ретте елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу жылына дайындығын біліп қайттық.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

Университетке келген барлық азамат алдымен Ashyq жүйесінен өтеді. Жүйе «жасыл» және «көк» статусты көрсеткенде ғана студент, оқытушы және университет қызметкерлері мен қонағы ішке өте алады.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы Академиялық мәселелер департаментінің директоры Байжұман Қашқынбай айтып берді.

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Қазіргі күні 2021-2022 жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын толығымен жүргізіп жатырмыз. Өйткені ескі оқу жылының соңында кезекті еңбек демалысына кетер алдында кафедра меңгерушілері мен декан, әріптестеріміз жаңа оқу жылына негізгі дайындықты бастап кеткен болатын. Дайындықтағы ең басты көрсеткішіміз – студенттердің оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету. Өйткені пәндерге жазылуы мамыр айында өтеді. Студент өз таңдауын жасағаннан кейін жаңа оқу жылында оқитын пәндерінің мазмұны, бағыты толық анықталады, - деді ол.

Сөзінше, жаңа оқу жылына оқытушы, профессорлар құрамы қызу дайындалып жатыр.

Алдымен І курс студенттерімен жұмыс істеуге дайындаламыз. Себебі ІІ-IV курстар өткен оқу жылының аяғында таңдауын жасап, пәндерін анықтады. Олар туралы ақпараттар электронды Platonus жүйесіне енгізілді. Сондай-ақ жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта оқимыз. Барлық нұсқаулықты БҒМ-нен алдық. Қазіргі таңда университет басшылығы студенттермен онлайн кездесу өткізді. Осылайша университеттің барлық студенті қажетті ақпаратпен танысты, - дейді департамент директоры.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

Ол студенттер арасында бірнеше мәселе туындайтынын айтты. Олар - вакцина алуға және студенттің денсаулығына байланысты мәселелер.

Біз студенттерден ПТР тестінің анықтамасын талап етпейміз. Ғимаратқа Ashyq жүйесі арқылы кіргіземіз. Ал оқытушылар құрамы медициналық қарсы көрсетілімі болмаса, барлығы «жасыл» статуспен кіргізіледі. Университет оқытушыларының 91%-ы вакцина алған. Қалған 9%-ында медициналық қарсы көрсетілімдері бар. Дәстүрлі бағытта тек практикалық сабақтарды өткіземіз, ал дәрістерде студент саны 50 не 70 адамнан асса, онда онлайн жүргіземіз. Онлайн сабақтар Microsoft Teams арқылы өтеді. Онлайн сабақ үшін платформалар әзір. Сондай-ақ жалпы міндетті пәндер деген блок бар. Оны барлық студент оқиды. Ол сабақтар электрон нұсқада дайын, - деп түсіндірді Байжұман Қашқынбай.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

Практикалық сабақтарға бір топтан 10-15 студент қатысады. Ал карантинге дейін мамандықтағы студенттер санына байланысты 50-ге дейін бала қатысқан. Енді бір мамандықта 50 студент болса, оны практикалық сабақтарға топқа бөліп жіберіледі.

Карантин талаптарына сәйкес 50 адамдық аудиторияға тек 25 бала отырғызылады. Оған кіру-шығу ережелері де дайын. Сабақ ұзақтығы 50 минутқа созылады.

Университет жаңа оқу жылының алдында елордалық бақылау департаментінің тексеруінен өткен.

І-IV курс студенттеріне сабақ қашан басталады?

Биыл І курсқа мемлекеттік грант негізінде 3 658 бала келеді. Аталған студенттер біздің университетті өздері таңдап келіп отыр. Негізі талапкер ҰБТ-дан тиісті балын алғаннан кейін Қазақстанның кез келген университетін таңдауға құқылы, - дейді Академиялық мәселелер департаментінің директоры Байжұман Қашқынбай.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

Сонымен қатар білім ордасында 13 940 студент бар. Жаңа оқу жылында студенттер екі ауысымда оқиды. І мен ІІІ курс студенттері бірінші ауысымда, ал ІІ мен IV курс студенттері екінші ауысымда білім алады.

Байжұман Қашқынбай университеттің соңғы жаңалығымен де бөлісе кетті.

1 қыркүйектен бастап І-ІІ курс студенттерін қабылдаймыз, 20 қыркүйектен бастап ІІІ-IV курс студенттерін қабылдау басталады. Университетке бір мезетте 20 мыңға жуық студент келмес үшін осындай шешім қабылдадық. Ал І курс студенттеріне сабақ 6 қыркүйекте басталады. Оған дейін студенттер арасында бейімделу жұмыстары жүргізіледі, - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, магистратура мен докторантурада оқитын студенттер де дәстүрлі форматта оқиды.

Оның сөзінше, карантин уақытында ғылыммен айналысатын магистрлар мен докторанттар кесте бойынша лобораторияда жұмыстарын жалғастырған. Өйткені кей сабақ онлайн өткенімен, ғылым тоқтап қалған жоқ. Жобамен жұмыс істейтін магистранттар, докторанттар ғылымға жақын. Сол себепті олар түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оқулары аяқталған соң диссертация қорғаулары керек.

Қандай санитарлық талаптар сақталады?

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

-        Мүмкіндігі шектеулі азаматтар онлайнда қалады.

-        Медициналық қарсы көрсетілімдері бар, ауырған немесе жұқтырған студенттер мен әріптестеріміз онлайнға ауысады. 14 күндік карантиннен кейін офлайнға оралады.

-        Ғимаратқа Ashyq жүйесі арқылы кіргізіледі. Оқытушылар «жасыл» (медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ болса), студенттер «жасыл» жәнен «көк» статуспен өтеді.

-        Маска режимі сақталады.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

-        Әлеуметтік арақашықтық сақталады.

-        Үзіліс кестелері ауыспалы болады.

Вакцинаның бірінші компонентін алып, екіншісін алып үлгермеген студенттер елордаға келгенде екіншісін ала алады. Оны да ойластырып қойдық. Жаңадан ашылған «Қазақстан» спорт кешенінде вакцинация пункті ашылады, - деді ол.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

Жарамсыз масканы арнайы қойылған қорапқа тастайды.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

І курс студенттері үшін университетте қандай үйірмелер бар?

І курс студенттері түске дейін оқып, түстен кейін кітапханада не қызығушылығына қарай үйірмелерге, ғылыми орталарға жазыла алады. Сондай-ақ бірінші курста спорттық секцияларға да жазылу басталады. Қазір біз дене тәрбиесін міндеттемейміз. Сондықтан студент қызығушылығына қарай биге барып, жүгірумен айналыса алады, - дейді маман.

Университетте мынадай үйірмелер бар:

-        Аэробика

-        Фитнес

-        Би

-        Күрес түрлері

-        Футбол

-        Волейбол

Студенттер аталған үйірмелерге тегін қатысады. Өйткені олар педагогикалық жүктемеде бар. І және ІІ курс студенттері кредиттік оқу жүйесі аясында қатысуға мүмкіндік ала алады. Сонымен қатар І курстар үшін 10 кредиттік ағылшын тілі, орыс тілі және қазақ тілі курстары бар.

Үйірмелерге жазылу үшін 1 қыркүйектен бастап ережесі бекітіледі. Қанша студент қатысатыны көрсетіледі.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

Оқу ақысы мен шәкіртақы қанша?

Былтыр ІІ-IV курс студенттері үшін келісімшарт бойынша оқу ақысы өзгертілген жоқ. Оқуға түскен жылғы ақысы бітіргенше сол қалпында сақталады. Дегенмен жаңа оқу жылында оқу ақысы өзгеруі мүмкін. Шамамен 800-900 мың теңге көлемінде болуы мүмкін.

Айтуынша, оқу ақысы жоғарыласа, шамамен 10%-ға қымбаттауы мүмкін.

Университеттің оқытушылар мен профессорлар құрамының орташа жалақысы шамамен 230-450 мың теңгені құрайды. Оқу орнында шамамен 2 мыңға жуық оқытушы бар.

Студенттер шәкіртақыны орталықтандырылған жүйе арқылы алады. Грантта оқитын студенттер 26 186 теңге, ал педагогикалық мамандықта оқитындар 42 мың теңге, магистранттар 70 мың теңге, докторанттар 102 мың теңге алады.

Стипендия өмір сүру үшін емес, білім алу үшін беріледі. Яғни оқулық, интернетке қосылу, қағаз алуға, жолына, оқуға қатысты кететін шығындарға берілетін ақы. Десе де, студенттер арасында «стипендия біздің өмір сүруімізге жетпейді» деген түсінік қалыптасып қалған, - деп пікірін білдірді Байжұман Қашқынбай.

Университет қандай жаңа мамандарды дайындайды?

Білім бағдарламалары бойынша жаңа мамандықтарға келіп жатқан студенттер бар. Атап айтқанда, жасанды интеллект, криптология, НЗМ-ді бітіргендер үшін үш жылдық математика мұғалімін дайындайтын мамандық бар. Сонымен қатар кәсіби таңдауға байланысты ең талантты студенттермен жұмысты бастаймыз. Бұл жұмыс бір жыл бойы онлайн форматта жалғасады. Аймақтардағы, облыс орталықтарындағы дарынды балалармен онлайн кездесіп, келесі жылғы білім бағдарламаларына тартамыз. Сонымен қатар соңғы жылдары гуманитарлық бағыттағы, әсіресе психология мамандығын айтарлықтай көп студент таңдап жатқанын байқап отырмыз. Бір жылда шамамен 50-60 студент келеді. Оған магистранттар да келіп жатыр. Одан бөлек, математикаға, физика, жаратылыстануға, биотехнологияға студенттер тарапынан қызығушылық бар, - деп түсіндірді ол.

Тегін үйірме, жаңа мамандық: Университеттер дәстүрлі оқытуға дайын ба?

Сонымен қатар университетте тек қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар орыс және ағылшын тілдеріндегі топтар жетерлік. Олардың сабақтары бөлек оқытылады. Дипломның қосымшасында қандай пәнді қай тілде оқығандығы көрсетіледі. Себебі жұмыс беруші осы арқылы маманның шет тілін білу деңгейін анықтап отырады.

Сондай-ақ қазіргі беріліп жатқан дипломдарды Ұлттық орталықтың сайтынан QR-код арқылы көруге болады. Демек студенттің І курстан IV курсқа дейінгі бағалары толық болмаса, онда ол диплом ала алмайды. Бұл жүйе автоматтандырылған. Себебі барлық 8 семестрді толық оқымаған студентке жүйе «баға толық емес, оқымағансыз» деп, диплом бермейді. Студент игермеген пәнді қайта оқып, бағасын ала алады, - деп толықтырды Байжұман Қашқынбай.

Өзгелердің жаңалығы