Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-тың Иранға қарсы ықтимал әскери әрекеттеріне қолдау көрсететін немесе оған жәрдемдесетін Таяу Шығыс елдері жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Бұл туралы ол Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудпен телефон арқылы сөйлесу барысында айтты. Тараптар өңірдегі ахуалды талқылаған.
Аракчидің сөзінше, АҚШ пен Израиль тарапынан Иранға қарсы қандай да бір әскери шабуыл жасалса немесе оған аймақ елдері қатысса, Иран қарулы күштері оған батыл әрі барабар жауап береді.
Мұндай әрекетке барғандар оның барлық салдары үшін толық жауап береді. Ислам Республикасы өзінің егемендігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық қауіпсіздігін қорғауға толық дайын, – деді Иран сыртқы істер министрі.
Сенбі күні Иран армиясының «Хатам әл-Әнбия» орталық штабының қолбасшысы, генерал-майор Али Абдоллахи де өңір мемлекеттеріне үндеу жасап, оларды АҚШ-пен әскери ынтымақтастықты қайта қарауға шақырды.
Оның айтуынша, АҚШ өңірдегі соғыс қаупін күшейтіп, үстемдігін кеңейтуге бағытталған қауіпті саясат жүргізіп отыр.
Мұсылман елдері көрегендік танытып, АҚШ-пен одақтастыққа қатысты ұстанымын қайта қарауы керек. Әйтпесе, АҚШ-тың агрессиялық әрекеттерін қолдайтын кез келген мемлекет соғыс өртіне оранады, – деді Али Абдоллахи.
Еске салайық, 31 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қару-жарақ бағдарламасын тоқтатуға мәжбүрлеу мақсатында елдің инфрақұрылымдық нысандарына соққы беруі мүмкін екенін тағы да мәлімдеген болатын.
Ал CBS News телеарнасының хабарлауынша, АҚШ пен Израиль Иранның энергетикалық инфрақұрылымына, оның ішінде мұнай өңдеу зауыттары мен электр станцияларына бірлескен соққы жасауды жоспарлап отыр.