Театр - тарихтың ортасы, рухани алаң, тәрбие құралы - Сайлау Қамиев

27 Наурыз 2024, 15:15
501
Бөлісу:
Театр - тарихтың ортасы, рухани алаң, тәрбие құралы - Сайлау Қамиев
Фото: BAQ.KZ

27 Наурыз Дүниежүзілік театр күні. «Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деген еді Мұхтар Әуезов. Театр — рухани ләззат сыйлайтын, көрерменді өзіне баурап алатын керемет мекен. Осы ортаның қазанында қайнап жүрген Ақтөбе облысы Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың директоры, актер Сайлау Қамиевпен театр күні қарсаңында сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Сайлау аға, театр күні құтты болсын! Кәсіби актер атанған сәтіңіздегі ең алғашқы рөлдеріңізді еске алсақ...

Рахмет Әсел! Мерекеміз құтты болсын! Бұрын халықаралық еді, қазір дүниежүзілік театр күні болып жатыр. Театрдың бастауы сонау б.ғ.д 3000-5000 жыл бұрын пайда болған бекзада өнер. Арада біршама уақыт өтті. Қазір түрлі технологияның дамыған кезеңі келді. Телеарна қарқын алып, интернет қолжетімді болып жатыр.

Одан бөлек киноиндустрияда алға шығып үлгерді. Бірақ не құдыреті бар екенін білмеймін театр өнері өлген емес. Өлмейтін де сияқты. Сондықтан бұл бекзат өнердің мерекесі болғандықтан тек театр актерлерінің емес келетін көрермендердің де мерекесі. 

Менің алғашқы рөлім дегенде еске түсіп отырғаны дипломдық жұмысымдағы Штраустың атақты «Жарқанат» деген опереттасы болды. Сол жерде Генрих деген басты рөлді сомдап, толығымен аяқтаған едік. 

Ал театрға келген кезде кәсіби түрде сомдаған алғашқы рөлім «Қыз Жібек» қойылымындағы Төлеген болды. Қара қыпшақ Қобыландағы Шуақ рөлі де еске түсіп отыр. Мен көбінесе музыкалық қойылымдарда басты рөлдерде ойнадым.

- Актер үшін әрбір қойылым маңызды екенін жақсы білеміз. Алайда өзіңіз ойнаған қойылымдардың ішінде орны бөлегі қайсы? Неліктен?

Иә, әрбір қойылым маңызды. Актерлік өнер деген айсберг сияқты ғой. Мұхиттың бетінде айсбергтің төбесі ғана көрініп тұрады ғой. Ал оның асты үлкен тау. Актерлік жұмыста сондай. Оның сахнаға шығу кезіндегі процесі, дайындығы, ізденісі, қиналуы барлығы айсбергтің астындағы тау секілді. Ал сахнаға шыққан кезде, қойылым барысында тек нәтижесі ғана көрініп жатады. 

Әрбір рөл кез келген актерді толғандырмай, қиналдырмай шығуы мүмкін емес. Барлық ойнаған рөлдерім тіпті эпизодтарым мен үшін маңызды. Атақты режиссер Әзірбайжан Мамбетовпен бірлесіп жұмыс істеудің сәті түсті. Сол бір кездегі рөлдерім қатты есімде қалды деп ойлаймын. Ол кісінің әртістермен жұмыс істеуі, қамшылауы, актердің өзіне көптеген жауакершілікті беруі ерекше еді. Режиссер барлығын жасап, айтып береді деген түсініктен ада қылды. 

Әзірбайжан Мамбетов ағамызбен сол Қыз Жібектегі Төлеген рөлін ойнаған кезде жұмыс істедім. Мен ол рөлді тек драма театрының сахнасында емес, опера театрының сахнасында да ойнаған болатынмын. Драмалық актердің опера сахнасында ән айтқаны да сол кезде жаңалық болған. Соны ерекше деп айтар едім.

- Театр актері үшін ең қажет қасиет қандай?

Театр актері үшін ең керек қасиет жанкештілік деп айтар едім. Себебі театр ол қашан да қарның ашып жүретін мамандық иесі. Өйткені театр актерінің жалақысы аз, жұмысы көп болады. Жанкештіліктің өзі қайдан шығады дейтін болсақ ол өзіңнің мамандығыңды өте қатты жақсы көрген кезде пайда болады. 

Театр – есірткі деген сөз де бар. Себебі бұл ортаға келген адам шыға алмайды. Театрдың құдіреті сол. Егер мамандығыңа деген сүйіспеншілігің болмаса онда босқа уақыт өткізудің қажеті жоқ. 

Менің ойымша ол жерден кету керек. Ол актер өзін басқа жақтан сынап көрсін. Ал ақыры сол театрды таңдаған болса, театрдың өзінен танымал болуға, белгілі бір дәрежеге жетуді мақат тұтса міндетті түрде жанкештілік деген қасиет болуы қажет. Сол кезде ғана қайтарымы болады. 

Өз мамандығыңның туын желбіретіп ұстаған кезде, бар ынта-шынтаңды салған уақытта мамандықтың өзі де қайтарымын береді. Өз кәсібін шын сүйген адам кез-келген ортада жарқырап тұрады. Қаржылық қызығушылықты ғана ойлайтын болса онда ол қателеседі.

- Кино мен театрды қатар алып жүру қиын емес пе?

Менің ойымша, қино мен театрды қатар алып жүрудің қызығы да, қиындығы да жетіп артылады. Бұл жерде сұранысқа байланысты. Қазір толықметражды фильмдерге түсуге сұраныста жүрген актерлар өте көп. Түсіп жүргендері қаншама. Бұл негізі қуанатын жағдай деуге болады. Себебі театрында тастамай, кино саласында да жетістікке жетіп жүрсе онда ол актердің мықтылығын білдіреді. 

Қиындығын айтар болсам театрдың жұмыс графигімен кинодағы түсірілім уақытын бір-біріне байланыстыра алу керек. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың амалын қарап, барлығына үлгеруге тырысу қажет. Бірақ оның барлығы өзің сүйген мамандыққа қатысты қиындықтар болғаннан кейін әрбір сәтінен ләззат ала білу керек.

- Соңғы уақытта театрға келетін жас көрермендердің қатары көбейді. Әлеуметтік желінің әсері бар деп ойлайсыз ба?

Әлеуметтік желінің әсерін жоққа шығара алмаймыз. Қазір республикалық театрларда әсіресе Астана мен Алматы қалаларында сол күні барып билет алу мүмкін болмай қалды. Себебі билеттердің барлығы алдын-ала өтіп кетіп жатыр. 

Театр қойылымдарының үзінділерін әлеуметтік желіден көріп, қызығушылық танытқандар өте көп. Оны қаралым барысынан да байқауға болады. Театрға осы әлеуметтік желіден жалығып, тірі өнер, тірі энергия алу үшін, рухани ізденістерін арттырып, қажеттіліктерін толтыру үшін келетіндер көбейді деп ойлаймын.

- Елімізде театр өнері иелеріне қаншалықты жағдай жасалып, мүмкіндік беріліп жатыр?

Жалпы біздің елімізде театрды батыс елдерімен салыстырғанда мемлекет қаржыландыруымен ұстап отырған жайымыз бар. Мұны дұрыс саяси шешім деп ойлаймын. Театр ол тарихтың ортасы, рухани алаң, тәрбие құралы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та театр өнерін ерекше атап өтті. Осы саладағы белгілі адамдарды қабылдады. 

Театр қызметкерлерінің жалақысының өсуіне қамқорлық жасады. Сондықтан қазір мемлекет тарапынан қолдау жақсы. Театрлардағы жаңа қойылымдарға бөлініп жатқан қаражат та жаман емес. Түркістан қаласындағы театр қаржыландыру жағынан нөмірі бірінші болып тұр. Кейбір облыс орталығындағы театрлардың 5-7 жылдық қаржысы сол Түркістандағы 1 қойылымға жұмсалып жатыр. 

Оның барлығы да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық. Жақсы мүмкіндіктер беріп жатыр. Бастысы сол мүмкіндікті өте сауатты, менеджерлік қасиеті жоғары басшылар пайдалана білсе театр бұдан да жоғары деңгейге көтеріле береді.

- Театрға келген жас актерлардың ізденісіне көңіліңіз тола ма?

Біз қазір орта буын болдық. Үлкендеріміз жастарға қашан да сыни көзқараспен қарайтын болған ғой. Өзіміз де жас кезімізде аға буыннан сын естіп отырдық. Театрларда ұрпақтар сабақтастығы деген бар. Себебі жас әртістер орта буынға қарап бет түзеп жатады. Театр өнеріне жаңа леп алып келіп жатқан жас режиссерлар шығып жатыр. 

Қазір мүлде басқа театрды көріп жүрміз. Өзгеше бір режиссерлік шешіммен қойылып жатқан қойылымдарды көргенде қуанамын, марқаямын, риза боламын. Сондай режиссерлерге актерлардың да сай болғанын қалаймын. Мен актерлықпен қатар актер педагогикасын қатар алып жүргендіктен жастармен өте көп жұмыс істеймін. 

Жастардың театрға деген сүйіспеншілігі, талпынысы мен жұмыс істеуге деген құлшыныстарын көргенде қуанамын. Актерлік бағыт, сахнадағы актерлердің өмір сүру техникаларының өзі көптеген методикаларға сай, тренингтер арқылы айтылады. Біздің және алдымыздағы толқындарға қарағанда айырмашылық өте көп. Қай жағынан? Яғни қазіргі жастар пафостан, сахналық штамптан, таптаурыннан қашып, өте әдемі актерлік шеберлігін көрсетіп жатыр. Театр өлмейді.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы