Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Теңіз кен орнында COVID-19 жұқтырған 9 науқас анықталды. Бұл туралы Атырау облысындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб хабарлады.
11 сәуірде Атырау облысында COVID-19 жұқтырғандардың саны 59 адамға жетті. Штабтың мәліметінше, жаңадан тіркелген 9 науқас Жылыой ауданындағы "Ватернас" вахталық лагерінде анықталған.Жұқтырғандардың бәрі "Ватернас" вахталық лагерінде 50 жастағы қызметкермен тығыз байланыста болғандар. Жалпы бұл әйелмен жақын араласқан 9 адам және байланыста болған ықтималдығы жоғары тағы 53 адам анықталып отыр.
Сонымен қатар, тағы 2 науқас Атырау қаласында тіркелді. Барлығы коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғандар. Олардан зертханалық сынамалар алынып, ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы анықталды.
Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, Жылыой ауданының бас санитарлық дәрігерінің бұйрығымен 8 сәуірде Теңіз кен орнының вахталық ауысымына 14 күндік карантин енгізілді. Теңіз кен орнының кіре берістерінде төрт санитарлық пост орнатылды. Науқаспен байланыста болғандар арнайы үш қабатты жеке ғимаратта 14 күнге карантинге жатқызылды.