24 желтоқсанда түнгі уақытта Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында тәжік шекарашылары мен "Ауғанстаннан елге енген үш террорист" арасында қарулы қақтығыс болды. Бұл туралы ақпаратты тәжік мемлекеттік "Ховар" ақпарат агенттігі таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚК) мәліметі бойынша, үш террорист Хатлон облысында Тәжікстанға енген.
Екі жақ арасында атыс болып, үш содыр да, екі тәжік шекарашысы да қаза тапты.
Оқиға орнында үш америкалық M16 автоматы, бір Калашников автоматы, тапаншалар, гранаталар, жарылғыш заттар және түнгі көру құрылғысы тәркіленгені туралы хабарланды.
Тәжікстан Республикасы Қауіпсіздік комитетінің шекара әскерлері Талибан үкіметінің басшылығы Тәжікстан халқынан кешірім сұрап, Тәжікстанмен шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша тиімді шаралар қабылдайды деп үміттенеді, – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті.
Кабулдағы дереккөздер атыс-шабысқа контрабандистер қатысқанын мәлімдеді. Шекарашылардың айтуынша, ауған-тәжік шекарасындағы жағдай қазіргі уақытта "тыныш". Тәжікстан шекара қызметінің мәліметі бойынша, бұл соңғы айда Ауғанстаннан келген содырлардың шекараға оқ атқан үшінші жағдайы. Қараша айының соңында Тәжікстанға Ауғанстан аумағынан екі рет оқ атылды. Сол кезде қытайдың бес азаматы қаза тауып, тағы бесеуі жараланды.