Тазартылған алтынның әр грамы отандық алтын қорын толықтыруға жұмсалады

16 Маусым 2022, 22:05
1626
Бөлісу:
Тазартылған алтынның әр грамы отандық алтын қорын толықтыруға жұмсалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Astana Mining & Metallurgy-2022 аясында өткен ІІІ Қазақстанның Алтын өндірушілерінің форумында айтты.

Алқалы басқосуда еліміздің тау-кен кешені саласына инвесторларды тарту үшін заңнаманы жетілдіру, құнды металдар нарығы саласын қолдау бойынша әлемде қалыптасқан үрдістер, салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар, алтын өндіру жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін салық режимдерін қолайлы етуге ықпал ету мәселелері жан-жақты талқыланды.

Марат Қарабаев өз сөзінде қазақстандық алтын өндірісі саласының стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл сала – мемлекетіміздің қаржы-экономикалық әл-ауқатының кепілі.

Елімізде 400 тоннадан астам алтын қоры бар. Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде он екінші орында. Біздің алтын өндірушілер еліміздің экономикалық тұрақтылығын сақтауға айтарлықтай үлесін қосып отыр. Бұл мемлекет пен бизнестің өзара ықпалдастығының нәтижесінде қол жеткізілді. Өз кезегінде «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» жаңа Заң да саланың дамуына тың серпін бергенін атап өту керек. Аталған Заң алтын өндірудің барлық кезеңін елімізде жүзеге асыруға мүмкіндік берді, – деді вице-министрі.

Осы ретте айта кетейік, өткен жылы Қазақстанда 33 млн тонна кен және 66 тонна тазартылған алтын өндірілген.

Қазіргі күнде елімізде 3 алтын тазарту зауыты жұмыс істейді. Оның екеуі Лондон металл биржасының Good Delivery статусына ие. Бұл – қазақстандық алтын құймасының әлемдік деңгейде мойындалғанының айқын нышаны.

Марат Қарабаевтың айтуынша, Қазақстанның ресурстық базасының айтарлықтай кеңдігі – саланың өндірістік қуаттылығын ұлғайтуға зор мүмкіндік береді. Мәселен, бүгінгі таңда 1 трлн теңге қаржы тарта отырып жыл сайын 12 тонна арфинарлық алтын шығару әлеуеті бар және 2 600 тұрақты жұмыс орнын қамтитын11 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өз кезегінде бұл бастама еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына тың серпін бермек.

Сонымен қатар форумда Ernst & Young Kazakhstan LLP компаниясының салық және заң қызметі департаментінің өкілі Р.Юртаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы З.Жолдасов, «Алтыналмас АК» АҚ төрағасы Д. Канашев, «Полиметалл – Евразия» ЖШС бас директоры К.Досмұқаметов, «Қымбат металдарды өндірушілердің Республикалық Қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директорының орынбасары К. Баитов, «Maker» ЖШС басқарма төрағасы Ж.Байғабелов, IDC ТМД аймағы бойынша вице-президенті А. Беклемишов, «Қазақстан зергерлер лигасы» ЗТБ төрағасы К.Жұмағалиев, «Tech Garden» бас директорының орынбасары А.Сембин және тағы да басқа сарапшылар өз ойларымен бөлісті.

Форум шеңберінде саланың дамуына үлес қосқан бір топ азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, III-дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен «Бақыршы алтын кен орны» ЖШС бас механигінің орынбасары С. Алексеев, «Казақалтын Технолоджи» ЖШС директорының өндіріс бойынша орынбасары Ж. Алыбаев, «Казақалтын Технолоджи» ЖШС «Жолымбет» филиалының директоры Е.Отынбаев, Шөлді маркшейдерлік бөлімінің бас маркшейдері М.Рысымбетов, Ақбақай транспорттық учаскесінің көлік жүргізушісі А. Көшербаев және Ақсу-2 тау-кен жұмыстары бөлімінің бас тау-кеншісі Д.Ибраев және т.б марапатталды. 

Өзгелердің жаңалығы