Республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының "Таза өлке" апталығында Жетісай қаласында орналасқан Орталық саябақта тазалау жұмыстары жүргізіліп, 1 тоннаға жуық қоқыс қалдықтары шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ, 300 түп ағаш әктеліп, тұрғындарға кедергі келтіретін ағаш бұтақтары ретке келтірілді. Бұдан бөлек, 1 шақырым жаяу жүргіншілер жолын тазалау жұмыстары жүргізілді.
Шараға ерікті жастар, қоғам белсенділері және тазалық жұмысына жауапты мамандар мен техникалар жұмылдырылды. Акцияға жалпы 120 азамат қатысты. Жетісай ауданында акция аясындағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыру үшін жұмыс жоспары бекітіліп, түрлі тақырыптарда сенбіліктер, плоггингтер ұйымдастыру жоспарлануда.
Сондай-ақ "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Шардара қаласындағы суқойма жағалауында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Оған аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары, еріктілер мен белсенділер, түрлі мекеме қызметкерлері, қала тұрғындары атсалысты.
Жалпы тазалық жұмысына 100-ге жуық адам қатысты. Бүгінгі тазалық акциясында су жағалауы ғана емес, сонымен қатар арнайы мамандар су түбіндегі қоқыстарды да тазалады. Акция аясында 2 500 түп ағаш отырғызылып, 17 елді мекеннен 175 тонна күл-қоқыс шығарылды. Оған 14 техника мен 900-ден астам адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, жер қопсыту, ағаш әктеу, көше жиектерін сырлау жұмыстары жүрді.
Бұған дейін акция аясында Түркістан облысында 138 мыңға жуық көшет отырғызылғаны хабарланды.