Жамбыл облысында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жалғасын табуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы ретте жастардың қатысуымен бірқатар ағартушылық бағыттағы шаралар өткізілді.
"Таза Қазақстан – жарқын болашақ кепілі" атты дөңгелек үстел аясында белсенді жастар экологиялық мәдениетті қалыптастыру және акцияның маңызы жөнінде атап өтті.
-Тазалық – ол адамның ішкі мәдениеті. Жай ғана қоқысты белгіленген орынға апарып тастау экологиялық мәдениеттің қалыптасуына септігін тигізеді. Қоршаған ортаны таза ұстау туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті арттырады. Тұрған жеріміздің тазалығына, келбетінің көркеюіне атсалысу – әрбір тұрғынның міндеті, - деді белсенді жас Ерғали Абуғали.

Осындай бағыттағы шара Жуалы ауданында да ұйымдастырылды. Б. Момышұлы ауылында "Таза Қазақстан – Таза әлем" тақырыбымен жастар кездесуі өтті.
Биыл облыста ауқымды іс-шараларды іске асыру көзделген.
Тарихи-мәдени ескерткіштер, саябақ пен сквер аумағына санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Сонымен бірге 1 000 шақырым канал мен арық жүйесі, 200 мың аула мен 10 мың шақырым көше жолы күл-қоқыстан тазартылады. Бұдан бөлек, 200 мыңға жуық көшет отырғызылады деп күтілуде.