"Таза Қазақстан" бағдарламасын қостанайлықтар ауқымды түрде қолдауды жалғастыруда. Бұл бастаманың мақсаты – халықтың экологиялық сауатын арттыру және облыстың әртүрлі аймақтарындағы қоршаған ортаны жақсарту, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бағдарламаны жүзеге асыруда жергілікті кәсіпорындар және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Іс-шараларға бизнес-қауымдастық, жастар, спортшылар мен этномәдени бірлестік өкілдері белсенді қатысуда.
12 наурызда "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бағдарламасы аясында Рудный қаласының тұрғындары арасында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы туралы хабардар болу деңгейін бағалау мақсатында сауалнама ұйымдастырды. Сауалнама жастар мен үлкен адамдарды, түрлі кәсіп иелері мен әлеуметтік жағдайы әрқилы болып келген азаматтарды қамтыды, бұл объективті пікір жинауға мүмкіндік берді.
Лисаков қаласында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Жеңіс саябағындағы соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштерін тазарту бойынша акция өтті. Іс-шараны Лисаков қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы және еріктілер қозғалысы ұйымдастырды.
Акцияның басты мақсаты – мемориал аумағын ретке келтіру ғана емес, өскелең ұрпақтың бойына тарихи мұраға, ата-баба ерлігіне құрметпен қарау және ескерткіштерге қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру болды.

"Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы аясында Алтынсарин ауданы Новоалексеев ауылдық модельдік кітапханасында кітапхана оқырмандарына"«Мен кітаппен табиғат әлемін ашамын" атты кітап көрмесі ұсынылды.
Сарыкөл ауылында "Таза Қазақстан" республикалық бағдарламасы аясында адамдардың қоғамдық орындардағы қоқыс мәселесіне деген көзқарасын зерделеу және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған "Қоқысты тастап кетесің бе, әлде жинайсың ба?" атты әлеуметтік бейне-эксперимент өтті.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар экологияның маңыздылығы туралы хабардарлықты арттыруға көмектесетініне сенімді. Осы ретте, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған бірқатар ақпараттық кездесулер, экологиялық акциялар мен флешмобтар өткізу жоспарлануда.
Шынымды айтсам, бастапқыда кәмпит орамасын лақтырған адамға ескерту жасағым келді. Артынша оны басқа бір кісінің жинағанын көріп, әлгі кәмпит ормасын тастап кеткен жүргінші үшін қатты ұялдым. Содан осы тазалық акциясына өз үлесімді қосқым келіп, жақын жерде жатқан бірнеше бөтелкені жинап, қоқысқа лақтырдым. Бұл акция адамдарды қоқыс тастау мәселесіне бей-жай қарамай, ойландырады деп үміттенемін, - дейді ауыл тұрғыны Максим.
Іс-шараның негізгі мақсаты - адамдардың қоғамдық орында қалдырылған қоқысты жинай ма, әлде тастап кете ме деген мәселені, яғни қоқыс тастау этикасын зерделеу. Жүргізілген эксперимент сондай-ақ тұрғындардың экологиялық сауаттылығының деңгейін де анықтады.