«Таза Қазақстан»: елордада зиялы қауым өкілдері экоакцияға қатысты

21 Қыркүйек 2024, 13:36
273
Бөлісу:
«Таза Қазақстан»: елордада зиялы қауым өкілдері экоакцияға қатысты
Фото: gov.kz

Жылдар бойы Астананың қалыптасуы мен дамуына үлес қосып келе жатқан зиялы қауым өкілдері «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы және Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында жалпықалалық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Экоакция барысында Байқоңыр ауданының Кравцов пен Пушкин көшелерінің қиылысындағы гүлзар тазаланды, сондай-ақ 100-ге жуық қайың мен үйеңкі көшеттері отырғызылды.

Зиялы қауым өкілдері ретінде біз қаланың тек қана тұратын жер емес екенін түсінеміз. Бұл біздің мәдени орталығымыз, мақтанышымыз және болашақ ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Оның тазалығына деген көзқарас – белгілі бір мағынада өзіне деген көзқарас. Егер айналасы салақ болып, тәртіпсіздік орнаса, мәдениетті және білімді адам болу мүмкін емес, – деді елордалық ақын Мәди Айымбетов.

Экоакция аясында Астанада қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау және т.б., сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және т.б. өткізіледі.

Тұрғындар елордада тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосуда. Қала тұрғындары отбасыларымен және ұжымдарымен бірге қаланы тазалауға шықты.

Экологиялық акция барысында бес ауданда 2 мыңнан астам жасыл желек отырғызылады.

Естеріңізге сала кетейік, елордада Taza Astana жаңа әлеуметтік жобасы өтіп жатыр. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, кварталішілік және аула аумақтарының кірме жолдарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы