«Таза Қазақстан» бастамасына биыл 7 миллионнан астам адам қатысты

Ел бойынша 9 мыңнан астам заңсыз қоқыс орны жойылды.

 Астана қаласының әкімдігі 10 Қазан 2026, 12:50
10 Қазан 2026, 12:50
279
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Қазақстанда Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы жалғасып жатыр. Жоба аясында аумақтарды абаттандыру, қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту және экологиялық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Егер 2025 жылы жыл бойы экологиялық шараларға 6 миллион адам қатысса, биыл қаңтардан бері олардың саны 7 миллионнан асты. «Таза Қазақстан» бастамасы басталғалы елді мекендерде 7 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Ал мемлекеттік орман қоры аумағында 1 миллиардтан астам көшет пен жас шыбық егілген.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, экологиялық сана мен білім беру мәселелері жаңа Конституцияға енгізілген.

Экологиялық сана, экологиялық білім беру және басқа да бағыттар жаңа Конституцияға енгізілді. “Таза Қазақстан” бастамасы тек сенбіліктермен шектелмейді. Бұл – еліміз халқының экологиялық санасын дамыту мәселесі, – деді ол.

Экологиялық тәрбие мен цифрлық кері байланыс

Өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге және азаматтармен кері байланысты цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. 265 мектепке дейінгі ұйымда «Жасыл балабақша» арнайы бағдарламасы енгізілген. Ал мектептерде экология тақырыбына арналған 560 мыңнан астам сынып сағаты өткізілген.

Азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін TazaQazBot Telegram-боты жұмыс істейді. Ол арқылы аулалар мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайы және абаттандырылуы туралы 57 мыңнан астам өтініш түсіп, өңделген.

9 мыңнан астам заңсыз қоқыс орны жойылды

Аумақтарды санитарлық тазарту жұмыстары барысында 9 мыңнан астам заңсыз қоқыс орны жойылып, шамамен 3,8 миллион тонна қоқыс жиналған.

Қазір мемлекет қалдықтарды басқару мәселесін жүйелі шешуге, яғни оларды жинаумен ғана шектелмей, терең өңдеу мен кәдеге жаратуға басымдық беріп отыр.

Шетелдік инвесторлардың қатысуымен Астана, Алматы және Жамбыл облысында жалпы құны 300 миллиард теңгеден асатын, тәулігіне 4,4 мың тоннаға дейін қалдық өңдеуге қауқарлы заманауи кешендер салынып жатыр.

Жаңа нысандар қоқысты полигондарға көме бермей, қайта өңдеуге келмейтін қалдықтардан электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл – Waste-to-Energy технологиясы. Соның арқасында өңірлердегі қоқыс полигондарына түсетін жүктеме азаяды.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және елдің басқа да ірі қалаларында салу жоспарланып отыр.

Қалдықтарды басқару жобаларына 122,6 млрд теңге бөлінді

Қалдықтарды басқару саласындағы жобалар кәдеге жарату төлемінен түсетін қаражат есебінен қаржыландырылады.

Қазіргі уақытта жалпы құны 371,9 миллиард теңге болатын 68 жоба мақұлданған. Оның ішінде 34 жобаға 122,6 миллиард теңге бөлінген. Ал құны 9,9 миллиард теңге болатын 15 жоба пайдалануға берілген.

Сонымен қатар EcoQoldau бағдарламасы аясында қағаз, шыны, шиналар мен пластикті қоса алғанда, қалдықтардың 162 мыңнан астам түрін жинауға 5,3 миллиард теңге бағытталған.

Қазақстанда 1,7 млрд ағаш отырғызылды

Мемлекет басшысының елді мекендерді көгалдандыру және орман алқаптарын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмалары аясында соңғы алты жылда 18,1 миллион ағаш отырғызылған.

Осы кезеңде орманды қалпына келтіру жұмыстары барысында 1 миллион гектардан астам аумаққа шамамен 1,7 миллиард ағаш егілген. Қазір Қазақстандағы орманмен көмкерілген жерлердің аумағы 14 миллион гектарға жетті.

Наверх