Бүгін Алматыда “Ақ жол” демократиялық партиясының филиалы мен Мәжіліс депутаты, партия төрағасы Азат Перуашевтың қатысуымен “Таза Қазақстан” ұлттық бастамасы аясында экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Шәмші Қалдаяқов ескерткішінің жанында өткен шараға қала тұрғындары, еріктілер мен партия мүшелері қатысты. Қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау туралы ақпараттық парақшалар таратты. Шараға 200-ге жуық азамат қатысып, 15 техника жұмылдырылды.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айтуынша, сенбілік– ең алдымен әр адамның жеке жауапкершілігі.
Мен үшін тазалық – бұл өмір бойы бізбен бірге болуы тиіс құндылық. Ол тікелей өзімізге байланысты. Егер біз заманауи, әдемі, жайлы үйде, көшеде, ауылда, қалада өмір сүргіміз келсе, онда бұл мекендерімізді күтіп-ұстау – өз қамымыз. Елімізді де, үйімізді де бізден артық ешкім күтіп бермейді, – деді депутат.

Саясаткер өз еліңе деген қамқорлықты өз үйіңе деген қарым-қатынаспен салыстырды. Оның айтуынша, ешбір бөтен адам үйіңдегі қоқысты тазаламайды. Сол секілді, еліміздегі тазалық пен тәртіп те сырттан келмейді, оны әр адам өзі істеуі керек.
Қандай да бір қорлар мен ұйымдарға жүгінсек те, бәрі бекер. Жақсы өмір сүргіміз келсе, өзімізден бастауымыз керек: қоқыс тастамау, тазалық сақтау, тәртіп сақтау. Бұл қалыпты, күнделікті өмірдің қарапайым қағидалары, – деді ол.

Перуашевтің бұл пікірі сенбілікке қатысушылар тарапынан қолдау тауып, қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды үндеу ретінде бағаланды.
“Ақ жол” партиясы шараға белсене қатысқан барлық азаматтарға алғысын білдіріп, экологиялық бастамаларды қолдауды еліміз бойынша жалғастыратынын айтты.


