Кеше Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен экофестиваль бастау алған болатын. Соның аясында литий-йон батареяларын қайта өңдеумен айналысатын және макулатураны қайта өңдеп, қағаз бен гофрленген қаптама шығырататын екі серіктестік арасында келісімге қол қойылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін “Таза Қазақстан” акциясы аясында серіктес компаниямен біздің зауытқа макулатураны жеткізу бойынша келісім жасалды. Біздің зауыт макулатураны қайта өңдеуге маманданған. Біз әрдайым бізге шикізат жеткізуге дайын компанияларды қуана қарсы аламыз. Өйткені ол – зауытымыздың күнделікті қажеттілігі, – деді компанияның жоба бойынша директоры Ләззат Жанбозова.
Оның сөзінше, зауыт күніне 200 тоннаға дейін, ал жылына 35 мың тоннадан аса макулатура өңдейді. Алматы қаласында орналасқан зауытқа қала тұрғындары да макулатура тапсыра алады.
Келісім 2024–2029 жылдарға арналған "Таза Қазақстан" экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жасалды. Қол қойылған келісімге сәйкес, компаниялар өндірістік қуаттарды бірлесіп пайдалануды, шикізат және технологиялармен алмасуды көздеп отыр.