Тайваньда билік «Бави» тайфунының салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр. Төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі орталықтың мәліметінше, табиғи апат салдарынан арал аумағында 1456 оқиға тіркеліп, зардап шеккендер саны 87 адамға жетті.
CNA агенттігінің мәліметінше, зардап шеккендердің басым бөлігі мотоциклден құлау, тайфунға дайындық кезінде немесе құлаған заттардың салдарынан жеңіл жарақат алған. Қаза тапқандар мен ауыр жараланғандар тіркелген жоқ.
Қауіпті аймақтардан 14 476 адам эвакуацияланды. Ең күрделі жағдай Жаңа Тайбэй, Тайчжун қалаларында, сондай-ақ Хуалянь және Синьчжу уездерінде сақталып отыр. Бұл өңірлерде инфрақұрылымға зақым келіп, көптеген ағаш құлаған.
Билік сел жүру қаупі жоғары 45 аумақта қызыл деңгейдегі қауіп жариялады. Оның жартысынан көбі Синьчжу уезінде орналасқан. Бұдан бөлек, тағы үш ауданда ірі көшкін жүру қаупі жоғары күйінде қалып отыр. Сондай-ақ аралдың бірнеше қаласы мен уезінде су басу қаупіне байланысты ескерту күшінде.
Билік тұрғындарды ауа райы қалыпқа келгенге дейін таулы аймақтарға, өзендерге және теңіз жағалауына бармауға шақырды. Ресми ескертуге қарамастан қауіпті аймақтан кетуден бас тартқандарға ірі көлемде айыппұл салынатыны ескертілді.
Синоптиктердің болжамынша, тайфунға байланысты ескерту 12 шілде күні таңертең алынуы мүмкін. Осыдан кейін аралдарда қалып қойған 5,4 мыңнан астам туристі материкке жеткізу үшін қосымша рейстер ұйымдастыру жоспарланып отыр.