Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласында, Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бірқатар трансұлттық топтардың заңсыз әрекетінің жолын кесті.
Күдіктілер ұзақ уақыт бойы Қызыл кітапқа енгізілген ителгі құсын заңсыз аулаумен, кейіннен оларды Қазақстан-Өзбекстан және Қазақстан-Қырғызстан шекаралары арқылы Таяу Шығыс елдеріне контрабандалық жолмен шығарумен айналысқан – делінген ҰҚК таратқан ақпаратта.
Мамандардың есебі бойынша, көрсетілген қылмыстық топтардың заңсыз әрекетінен мемлекетке келтірілген зиян бірнеше миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қатысты ҚР ҚК 339-бабы 2 және 3-бөліктері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Тергеу іс-шаралары жалғасуда.