Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласына қатысты ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пікір білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егеменде» жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан ілкі ойларды ірке отырып оқыдым. Мақалада біздің еліміздің тәуелсіз 30 жылына қысқаша тарихи шолумен қоса, байыпты баға беріліп, парасатты пайым жасалған екен, - деді ол.
Есдәулеттің айтуынша, Мемлекет басшысы өз мақаласында бірқатар сұрақ төңірегінде ой толғапты.
«Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда əрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық» дейді ол. Бұлар бір қарағанда, қысқа ғана қарапайым сауалдар. Бірақ үңіле зер салсаң, астарында атанның белі көтере алмас зілмауыр жүк, алып составтар тарта алмас ауыр салмақ, жер қайысар сынақтар, сананы солқылдатар кернеулі қуат, шешімін күткен аса толғақты мәселелер жатыр, - дейді жазушы.
Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, біз бай мемлекетпіз деп құр күпсініп мақтана бермей, ел-жұрттың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттыруды мақсат етпесек болмайды.
Әр азаматтың жағдайы мен мүддесін ойлап, қорғайтын әділетті де әлеуетті мемлекетке айнала алсақ, тәуелсіздік талабынан шыға білгеніміз. Автор жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мәселесіне жете мән беру керек, әйтпесе сырттан келген жат-жұрттық жағымсыз идеологиялық вирусқа шалдығуы мүмкін екендігін ескерте келіп, мемлекеттік тапсырыстың бір бөлігін тарихи фильмдер түсіруге бағыттау керегін айтқан екен. Осы орайда, біздің алдымызда биылғы жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын лайықты атап өту және оның ұлағатты да жанқиярлық еңбегін дүниежүзіне насихаттай білу міндеті тұрғанын айтып өткім келеді, - деді ол.
Ол атағандай, мақалада сонымен қатар солтүстік және шығыс аймақтағы шекаралы аудандарды елге толтыру, оларға қолайлы жағдай туғызу және бәсеңдеп қалған қандастар көшін жалғастыру мәселелеріне көңіл бөлген.
Тағы бір өзекті мәселе - мемлекеттік тілге қатысты айтылған пікірлері дер едім. Қазақ тілін бүкіл халқымызды біріктіруші факторға, ынтымақтың ұйытқысына айналдыру үшін «осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке» салмақ арта отырып, «Тіл игеру үшін балалар əдебиетінің атқаратын рөлі зор. Бұл – кітап басылымына жауап беретін өкілетті орындар мен біздің Жазушылар одағына артылып отырған міндет деп білемін. Біз елордадағы Академиялық ұлттық кітапханамен бірлесе отырып, биылғы 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп атау туралы ұсыныс берген болатынбыз, - дейді ол.
Есдәулеттің айтуынша, маңызды мақалада айтылған осы бір қадау-қадау, елдік, ұлттық, мемлекеттік мәселелер іске асуы үшін тиісті мемлекеттік бағдарлама қабылданғаны жөн.
Тәуелсіздік - біздің түп қазығымыз, көздің қарашығындай сақтауға тиісті асыл қазынамыз. Сондықтан Тәуелсіздікке тәу етіп қана қоймай, оны асқан жауапкершілікпен нығайта білуіміз керек, - деп түйіндеді Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы.