Тәуелсіздікке 30 жыл: Ауыл шаруашылығының жетістіктері аталды

8 Желтоқсан 2021, 12:52
3480
Бөлісу:
Тәуелсіздікке 30 жыл: Ауыл шаруашылығының жетістіктері аталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жыл ішінде ауыл шаруашылығы қандай жетістіктерге жетті? Бүгінде аталған сала қалай дамып жатыр?

Бұл туралы «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев елордада өткен конференцияда  мәлім етті.

Өздеріңіз білесіздер, ауыл шаруашылығы сынға көп ұшырайтын саланың бірі. Себебі оның дамуы адами фактордан бөлек, климаттық жағдаймен де байланысты. Тез шешім қабылдау мен жылдам әрекет етуді талап ететін сала. Өйткені, кейбір ауылшаруашылық өнімдері ұзақ уақыт күтпей, бұзылып немесе маңызын тез жоғалтады. Ол өнімдерді нарыққа шығарудың да өзіндік қиындықтары бар. Дегенмен сондай қиын кедергілерге қарамастан бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы тиісті деңгейде дамып жатыр және ауыз толтырып айтатын жетістіктер жеткілікті, - деді Әли Бектаев.

Сондай-ақ, партия төрағасының атап өтуінше, Тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде ауыл шаруашылығы бірталай жетістікке жеткен. 

Алдымен агроөнеркәсіп және агрокешен бойынша заңнаманы қалыптастырдық. Бүгінде заң жағынан кінәрат жоқ, халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Ал ол оның тиісті деңгейде орындалуы бөлек мәселе. Екінші ірі жетістік, мал шаруашылығына қатысты. Атап айтқанда, отандық мал тұқымын тазаладық. Біздегі ірі, ұсақ болсын малдың тұқымы таза. Сондықтан да алыс-жақын шетелден Қазақстанның малына деген сұраныс жоғары. Ауыл шаруашылығы саласындағы үшінші жетістік - 2003-2005 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде «Ауыл жылы» аталып өтілді. 3 жылдық ауылды дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізінде көптеген ауылға айтарлықтай жан бітті. Оның ішінде инфрақұрылым, жұмыс, тұрғын үй, мектеп, аурухана және ауыл әлеуеті дами түсті, - дейді ол.

Сенат депутатының айтуынша, ауыл мен ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыс жалғасын табады.

Бүгінде «Ауыл - ел бесігі» жобасы іске асып жатыр. Одан бөлек, ауыл шаруашылығын ілгерілетуге арналған ұлттық жоба бар, - деді Ә. Бектаев.

Өзгелердің жаңалығы