#Тәуелсіздік30: Көкшетауда «Ұлы Дала тарихына тағзым!» атты конференция өтті

30 Маусым 2021, 19:26
1803
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30: Көкшетауда «Ұлы Дала тарихына тағзым!» атты конференция өтті

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ұлы Дала тарихына тағзым!» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияның алғашқы бөлімі Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» және ҚР Президенті Қасым-ЖомартТоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен жоғары» мақалаларындағы ұлттық тарихты зерделеуге бағытталған міндеттерді талқылауға арналды.

Шараға саясаттанушы, Баку халықаралық мультикультурализм орталығының кеңесшісі Тофик Мохсен оглу Аббасов модераторлық етті.

Қатысушылар алдымен «Ақмола облысының тарихи-мәдени мұрасы» тақырыптық бейне-ролигін тамашалады.

Конференцияның ашылу салтанатында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Ақмола төрінде, кербез Көкше жерінде ұйымдастырылған халықаралық конференцияны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Биыл Көкшетау Қазақстанның мәдени астанасы болып жарияланды. Енді жыл бойы еліміздің барлық мәдениет ордалары қаламызға келіп, қазақстандық өнерді насихаттайды. Бұл біз үшін үлкен абырой және жауапкершілік. Міне, сол мәдени жобаның үлкен бір бөлігі ретінде бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп отыр. Аталған конференцияны сан ғасырлық тарихы бар Қазақстан мемлекетінің Тәуелсіздік мерейтойына бағалы сыйлық деп есептеймін. Зеренді және Жақсы аудандарындағы археологиялық экспедицияның жас зерттеушілері қарсы алғанымызға қуаныштымын. Бүгінгі конференция тарихымызға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деді өңір басшысы.

#Тәуелсіздік30: Көкшетауда «Ұлы Дала тарихына тағзым!» атты конференция өтті

Конференцияда белгілі ғалым-тарихшылар Жамбыл Артықбаев, Қырым Алтынбеков, Дархан Қыдырәлі, Данияр Тілеуғабылов, Айболат Күшкімбаевтар, сондай-ақ Кембридж университетінің ғалымы Ребекка Робертс, БиБиСи телеарнасының ТМД мен Орталық Азия елдері коммерциялық өкілдіктерінің басшысы Сергей Станóвкин, Кембридж университетінің археологы, жазушы-аудармашы Джоанна Добсон баяндамалар жасады.

Сенімді ғылыми дереккөздер біздің халқымыздың тарихы қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген ерте палеолит дәуірінен бастау алатынын айтады. Біздер Атбасардың неолиттік мәдениетінің, әлемдегі алғашқы жылқы өсірушілер – ботайлықтардың тікелей ұрпағы болып табыламыз. «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біз елімізді танымал етудің жаңа әдістері туралы ойлануымыз керек» дегені белгілі. Ақмола облысында неолит, қола дәуірі, сақ, ғұн және түркі кезеңдеріндегі 2 мыңнан астам ескерткіштер шоғырланған. Оның жарқын дәлелі Бурабай қазынасы – біздің дәуірімізге дейінгі 4-5 ғасырлардағы «Ғұн ханшайымы» бейіт-қорғаны болып табылады. Барлық табылған материалдар Эрмитажда сақтаулы, - деп атап өтті ҚР Ұлттық мұражайының директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Степногорск тарихи-өлкетану мұражайындағы балбал тастар біздің дәуірімізге дейінгі 3-5-ғасырлардағы сақ дәуірінің ең жарқын ескерткіштерінің бірі болып табылады. Әлемдегі бірегей балбал тастың біреуі бізде, екіншісі Пекин Ұлттық мұражайында.

Теңдесі жоқ тарихи мұраға "Құмай" археологиялық-этнографиялық кешенінің ескерткіштері жатады. Кешен Ерейментау ауданында ел астанасынан 120 шақырым жерде орналасқан. Қазақ даласын қорғаған атақты Бөгенбай, Олжабай батырлар, Үмбетей жырау,Саққұлақ бидің кесенелері сақталып қалды. Осының бәрі – өңірдің тарихи-мәдени маңызынан хабар береді. Өзінің қоқиқаздарымен ЮНЕСКО-ға енген Қорғалжын жері де тұнған тарих. Онда рухани-этнографиялық сәулет ескерткіштері-Беспақыр, Ботағай, Ақ Еділ қожа, Әліптомар мазарлары орналасқан, - дейді ғалым-археолог Айбара Қасеналин.

20 ғасырда Атбасар қаласының маңында дәстүрлі жазғы жәрмеңке өтті. Ежелгі керуен жолдарында орналасқан жәрмеңке Орта Азияның ірі сауда орталығы болды. Атбасар жәрмеңкесіне жыл сайын Ташкент, Парсы, Сібір және Орталық Ресей көпестері келді

Бүгінгі күні Ақмола облысында көптеген жаңа қызықты жобалар іске қосылуда. Солардың бірі - "Ботай – Бурабай" ашық аспан астындағы мұражай" археологиялық-этнографиялық кешені өңірді танымал етуде. 2018 жылдан бастап белгілі өлкетанушы, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының бастамасымен «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы ұйымдастырылып келеді. Бірінші экспедиция Бурабай-Түркістан маршрутымен Абылай хан жүріп өткен тарихи жерлерді зерттеді. Екінші сапар Көкше жерінен ұлы ойшыл әл-Фарабидің туған мекені – Отырар қаласына дейін ежелгі керуен жолымен өтті. Биылғы экспедиция Шығыс Қазақстанға Абай атамыздың туған жері мен Қазақ хандығының белгілі шайқастары өткен тарихи орындарға сапар шегеді, - дейді Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов.

Ғалымдар, археологтар, музеологтар археология ескерткіштерін зерттеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Қазба жұмыстары жалғасуда. Оның мақсаты – ұлтымыздың тарихи-мәдени мұрасын насихаттау.



Өзгелердің жаңалығы