Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістік: Қазақстанның саяси трансформациясы

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

16 желтоқсан – Қазақстан халқы үшін ең маңызды мерекелердің бірі. Тәуелсіздік күні – елдің егемендігін жариялап, өз даму жолын таңдаған тарихи күн. Бұл мереке тек өткенді еске алып қана қоймай, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, қоғамдық-саяси бағытта да айтарлықтай өзгерістерді бастан өткерді. Елдің саяси жүйесі жаңғыртылып, азаматтардың мемлекет ісіне қатысуы артты.

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның саяси трансформациясын Baq.kz тілшісінің шолуынан толығырақ оқи аласыздар.

1995-2022: Конституция мен саяси жүйе

Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы жалпыұлттық референдумда қабылданды және елдің қоғамдық‑саяси құрылымының негізі болды. Сол уақыттан бері Конституция бірнеше рет түзетіліп, саяси институттардың рөлін жаңаша айқындауға бағытталды.

Мысалы, 2022 жылғы референдум кезінде Конституцияға бірқатар елеулі түзетулер енгізілді. Бұл реформалар билікті тепе‑теңдікті қайта бөлу, Парламенттің ықпалын арттыру, үкіметтік бақылауды күшейту және азаматтардың шешім қабылдау процестеріне қатысуын кеңейтуге бағытталды. Осы өзгерістердің ішінде Президенттік өкілеттіліктерді қайта құрылымдау және Парламенттің рөлін нығайту басты орын алды.

Қазақстан биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толғанын атап өтті. Конституцияға енгізілген көптеген өзгеріс азаматтардың саяси құқықтары мен шешім қабылдаудағы рөлін кеңейтті, соның ішінде азаматтар жергілікті билік басшыларының сайлауында тікелей дауыс береді, ал Конституциялық сот азаматтарға заңдарға тікелей шағымдануға мүмкіндік береді.

Көппартиялы жүйенің қалыптасуы және жаңа саяси партиялар

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстанның саяси жүйесі қалыптасу кезеңінде болды. Сол кезде бірнеше партия құрылып, Парламентке жол ашылды. Уақыт өте келе көппартиялы жүйе нығайып, саяси процестерде балама көзқарастардың орны айқындала түсті.

Соңғы жылдары саяси партияларды тіркеу жеңілдетіліп, Парламентке жаңа партиялар келді. Бұл өзгерістер азаматтарға саяси өмірге белсенді араласуға мүмкіндік беріп, қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін заң шығару деңгейінде қорғауға жағдай жасады.

Мысалы: 2023 жылы бірқатар жаңа партиялар тіркеліп, парламенттік сайлауда өз орындарын алды, бұл саяси плюрализмді күшейтті.

Президенттік жүйеден Парламенттің рөлін арттыруға дейін

Қазақстандағы маңызды реформалардың бірі – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту. Президенттік басқару нысаны сақталғанымен, Парламенттің өкілеттігі артты, Мәжілістің заң шығару процесіндегі рөлі кеңейді. Үкімет Парламентке есеп беруге міндеттелді, бұл шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеруге мүмкіндік берді.

2022 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер Парламенттің заң шығару үдерісіндегі бақылау функциясын күшейтті. Бұл реформалар билік институттарының ашықтығын арттырып, демократиялық қоғамды қалыптастыруға жағдай жасады.

Парламенттің ықпалды рөлі: Мұрат Әбенов пікірі

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қазіргі саяси реформалардың тиімділігін жоғары бағалайды.

2022 жылғы саяси реформа өз нәтижесін беріп жатыр деп толық айта аламын. 2016 жылы наурыз айында осы залда мен қоғамдық жұмысымен айналысып, тұтынушылардың құқығын қорғаумен жұмыс істеп жүргенмін. Сол кезде саясатта жоқпын, бірақ парламенттегі ойлар мен үшін өте қызықты болды. Кең мемлекетте мықты президент болу керек деп ойлаймын, бірақ одан бөлек ықпалды парламенттің болуы – ел үшін өте маңызды. Бұрын Парламент тек дайын заңдарды қарап шығатын, ал қазір алты партиядан тұратын Мәжіліс белсенді жұмыс істеп, заңдарды өзгертіп, жаңа бастамаларды жүзеге асырады, – деді депутат.

Әбенов мысал ретінде парламенттегі әріптестерімен бірге банктерге қарсы заңдарды қатаңдатқаны, зорлық-зомбылыққа қарсы заңдарды қабылдағаны, құрылыс кодексін қатаңдатқаны, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз еткені, онлайн кредиттерге және қыз алып қашу мәселелеріне қатысты заңдарды енгізіп, іске асыруын қадағалағаны және шетелден заңсыз құжат жасайтын әрекеттерге қарсы қатаң шаралар қабылдағанын келтірді.

Ықпалды парламент деген тек сөйлеп қана қоймайды, көтерген мәселеңді орындауға мәжбүрлей алатын, заң шығарып, оны жүзеге асыра білетін парламент деген сөз. Қазір депутаттар тек депутаттық сауал жолдамай, нақты шешім қабылдай алады, үкімет те бұл өзгерістерге дайын, – деді Мұрат Әбенов.

Депутат сондай-ақ әлеуметтік, экономикалық және құқық қорғау саласындағы заңдарды бақылау жүйесін атап өтті.

Біз парламентте талас-тартыс жасап, заңдардың 60-70%-ын өзгертеміз. Парламенттің ықпалды болуы – заңдарды жасау, үкіметті көндіру және оны жүзеге асырудан көрінеді. Алдағы уақытта екі палаталы парламент болуы мүмкін деп айтады, бірақ біз шешімдерді халықты ренжітпей, тиімді қабылдауымыз керек. Біз сондай кәсіби парламентті қалыптастыруға ұмтылуымыз қажет, – дейді ол.

Әбеновтің пікірі бойынша қазіргі Парламент – саяси реформаларға дайын, ықпалды және қоғам мүддесін қорғай алатын органға айналды.

Адам құқықтарын қорғау бағытындағы қадамдар

Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктердің бірі – адам құқықтарын қорғау саласындағы реформалар.
Қазақстанда Конституциялық Сот қайта құрылып, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты күшейтілді. Сонымен қатар өлім жазасы толық жойылды, бұл құқықтық мемлекет құрудағы маңызды қадам болды.

Сондай-ақ адам құқықтары саласында халықаралық стандарттарға сәйкес бірқатар заңнамалық түзетулер енгізілді, сот жүйесі реформаланды.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту

Саяси жаңғырудың тағы бір маңызды бағыты – жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту. Ауылдық округтер мен аудан әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл тұрғындардың жергілікті деңгейде шешім қабылдауға тікелей қатысуына мүмкіндік берді.

Бұл реформа азаматтық белсенділікті арттырды, жергілікті биліктің жауапкершілігін күшейтті және билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтты.

Сайлау жүйесі: халық таңдауының салмағы артты

Қазақстанда сайлау жүйесі кезең-кезеңімен жаңғырды. Мәжіліс пен мәслихат сайлауында мажоритарлық элемент қайта енгізілді, бұл азаматтарға өз өңірінен нақты өкілді таңдау мүмкіндігін берді.

Бұл өзгеріс:

  • депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттырды;
  • сайлау процесінің ашықтығын күшейтті;
  • халықтың саяси сенімін нығайтуға ықпал етті.

Сонымен қатар, әйелдер, жастар және әлеуметтік осал топтар үшін сайлау тізімдерінде квота енгізіліп, өкілдік теңдігі сақталуға бағытталды.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері – бір сәттік нәтиже емес, бұл – жүйелі реформалардың жемісі. Қоғамдық-саяси өзгерістер елдің тұрақты дамуына, азаматтардың саяси процестерге қатысуына және демократиялық институттардың нығаюына негіз болды.

16 желтоқсан – өткенді бағалап қана қоймай, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін күн. Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі – өзгерістерге дайын, жауапты және халықпен санасатын мемлекет құру жолындағы табанды ұмтылысы.

Өзгелердің жаңалығы