Алматы, BAQ.KZ. "Алатау" дәстүрлі өнер театрында "Тәуелсіздік күніне" орай Алатау ауданы әкімшілігі мен "Алатау" дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен "Тәуелсіздік таңы" атты мерекелік концерт өтті.
Мемлекеттік әнұранымызбен ашылған концерт барысында Алатау ауданының "Ардагерлер" хоры "Рух" және "Отан" әндерін орындады.
Алатау ауданы әкімінің орынбасары С.Б. Ағыбаев Тәуелсіздік қарсаңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін - білім, медицина және тағы басқа салаларының мамандарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Nur Otan партиясының төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық бағытын қолдағаны, партияның бағдарламалық міндеттерін іске асыруға белсенді атсалысқаны үшін, әрі партияның 20 жылдығына орай, көптеген азаматты алғыс хатпен марапаттады, - делінген таратылған ақпаратта.
Мерекелік шара барысында театр әншілері Ш. Уатқан Б. Оразбаевтың "Тәуелсіздікке арнау", А. Аманжолова А. Қоразбаевтың "Елге сәлем", Ж. Мұсағалиев К. Назарбектің "Мен қазақпын", Б. Қилымхан А. Қоразбаевтың "Айшаның әні", "Алатау серілері" тобы "Алаш ұраны", "Үшқоңыр" тобы Қ. Ахаттың "Ұлы елім" әндерін шырқады. Кештің арнайы қонақтары, елімізге танымал әншілер С. Нұрмағамбетова, Т. Жорабаев, Е. Орынбасаров және Б. Нұрмышева ел ықыласына бөленіп жүрген әндерін шырқады.
Айта кетерлік жайт, бұл концертте "Алатау" дәстүрлі өнер театрының көру және есту мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімінен В. Умеров Е. Хасанғалиевтың "Айналдым елім", Ж. Бектұрғанова, Ә. Меңдібаев және Л. Королева "Солнечный дом" әндерін орындады. Кеш барысында жиылған қауым әсерлі поэзияның да куәгері болды.
Концерт соңын, белгілі актер, әнші Ә. Есжан Б. Тілеуханның "Елім менің" әнімен тәмамдады.