Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.
Жүздеген жылдардан бері бері тату көрші әрі дос саналатын екі ел арасындағы өзара сенім, құрмет және қолдау рухындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынас қарқынды дами беретініне сенімдімін, - делінген жеделхатта.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров тәуелсіз Қазақстанның мемлекет басқару, әлеуметтік-экономикалық даму мен белсенді сыртқы саясат жүргізу істерінде айтарлықтай табысқа қол жеткізгеніне тоқталған.
Елдеріміздің арасындағы сан ғасырлық достыққа, тату көршілікке және стратегиялық серіктестікке негізделген байланыстың алдағы уақытта да өрлей беретініне кәміл сенемін, - деп жазылған жеделхатта.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон құттықтауында қазақ-тәжік байланысының қарқынды сипатын жоғары бағалады.
Біз өзара тиімді ықпалдастықты дәйекті түрде ілгерілетуге баса мән береміз. Сонымен қатар мемлекеттеріміздің басты мүддесіне сай екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін нақты қадамдар жасауға дайынбыз, - деп жазған Тәжікстан Президенті.
Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, екіжақты байланыс барлық бағыт бойынша табысты өрлей түскеніне назар аударған.
Бұл орайда Сіздің жақында Түрікменстанға жасаған ресми сапарыңыз ерекше маңызға ие. Ашхабадта жүргізген келіссөздер аясында қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға айтарлықтай үлес қосарына сенімім мол, - деп жазылған жеделхатта.
Мемлекет басшысына сондай-ақ Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов те құттықтауын жолдаған.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жеделхаттарын БАӘ Президенті шейх Мұхаммед Бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Сауд Арабиясының Королі, Қос киенің сақшысы Салман бен Абдулазиз Әл Сауд, Сауд Арабиясы Королінің Тақ мұрагері, Министрлер кеңесінің төрағасы Мұхаммед бен Салман бен Абдулазиз Әл Сауд, Украина Президенті Владимир Зеленский, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Ливия Президенттік кеңесінің төрағасы Мұхаммед Юнус әл-Манфи, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, Татарстан Раисы Рүстем Минниханов және басқалары жолдады.