Қазақ үшін азаттық ұғымы әрқашан да қымбат, құнды. Себебі бұл жол қазаққа оңайға соққан жоқ. Бүгін біздің еліміз азаттықтың туын желбіретіп, тәуелсіздіктің тұғырын көтергелі - 34 жыл болды. Отыз төрт жылда еліміз саяси аренадан өз орның мығымдаған зайырлы мемлекетке айналды. Мереке қарсаңында бұл күннің тарихы мен тағылымын, жетістігі мен өңірлерде қалай аталып өтілетіні туралы сөз етеміз.
Тәуелсіздікке жасалған қадам
Тәуелсіздік-күнтізбедегі бір ғана дата емес. Ол халықтың жадында қатпарланып қалған ғасырлар үні.
Тарихқа үнілсеңіз, сұрақтың жауабын тереңнен табасыз. Сонау Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығын құрып, әлемге қазақ деген атты танытуынан бастауын алады.
Одан кейінгі отарлау саясаты, бодандық кезең, ұлттық санаға жасалған қысым. XX ғасырдың басында Алаш қайраткерлері тәуелсіз мемлекет құру идеясын ашық көтерді. Олар мемлекеттің болашағын құқық, білім және ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырды.
Ал 1986 жылы болған «Желтоқсан оқиғасы» ел жадында мәңгі сақталатын айтулы оқиғаға айналды. Ол осы уақытқа дейінгі еркін ел болуға деген жүргізген күрестеріміздің нәтижесіне айналды. Ашынған, бодандықты қалаған қазақ жастары әділетсіздікке қарсы шығып, ұлттық намыстың өшпегенін көрсетті. Бұл оқиға тәуелсіздікке апарар жолды жақындатты.
Нәтижесінде 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, тарихтың жаңа бетін ашты.
Тәуелсіздік жетістіктері
Қазақстан аз уақыт ішінде әлемге өзін дербес мемлекет ретінде танытты. БҰҰ-ға мүше болды, шекарасын шегеледі, ұлттық валютасын айналымға қосты. Бұл - кез келген ел үшін мемлекеттіліктің негізгі белгілері.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік туралы бір сөзінде: «Тәуелсіздік – біз үшін баға жетпес құндылық әрі үлкен жауапкершілік» деп атап өткен еді.
Расымен қара құмнан қала тұрғызып, қара тастан зәулім ғимараттар бой көтеріп, егемен елдің алғашқы нысандары пайда бола бастаған еді.
34 жыл ішінде экономикамызда нарықтық жүйе орнап, мұнай-газ саласы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы дамыды. Халықаралық аренада еңсемізді биік ұстайтын елге айналып, спортта да мәдениетте де біршама жетістіктерге жеттік.
Ал соңғы жылдары индустрияландыру мен цифрландыру елдің жаңа даму бағытын айқындады.
Міне, бүгін сол айтулы мереке - Тәуелсіздік күні. Ендеше мерекеде өңірлерде қандай шаралар өтетінін назарларыңызға қсынамыз.
Тәуелсіздік күніне орай өңірлерде өтетін іс-шаралар
Тәуелсіздік күні өңірлерде маңызды шаралар болады. Соның бірі Шымкент қаласында 16 желтоқсанда Shymkent City Mall сауда орталығында мерекелік бағдарлама жоспарланған. Қонақтарға Тәуелсіздік күніне арналған арнайы шоу ұсынылады.
Қостанай облысында қоғам қайраткерлерімен тақырыптық кездесулер, дәрістер мен көрмелер өтеді. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы мен Мыржақып Дулатұлы ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі жоспарланған.
Қарағанды облысында Тәуелсіздік күніне орай мәдени және спорттық іс-шаралар – көрмелер, дәрістер, дөңгелек үстелдер мен концерттер ұйымдастырылады. Бұған дейін «Мемлекеттік тіл – менің тілім» мемлекеттік тілді білу байқауы, «Тұғырың биік болсын, туған елім» мәнерлеп оқу сайысы, сондай-ақ «Алаштың аманаты – бүгінгі Тәуелсіздік» атты патриоттық әндер фестивалі өтті. Бұл фестиваль «Алаш» партиясының 108 жылдығына арналды.
Павлодар облысында Павел Васильевтің үй-музейінде Тәуелсіздік күніне арналған кітап-көрме және танымдық ойын өткізу жоспарланған. Сол күні Ж. Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында «Оян, қазақ… Ойлан, қазақ» спектаклі қойылады.
Абай облысында Тәуелсіздік күні қарсаңында өңірдің қалалары мен аудандарында 100-ге жуық еске алу, танымдық, ғылыми-сараптамалық, білім беру, әлеуметтік және қайырымдылық іс-шаралары өтті. 16 желтоқсанда Қайрат Рысқұлбеков ескерткішіне гүл қою рәсімі жоспарланған.
Ақмола облысында мереке қарсаңында заманауи көпфункционалды Kokshe Arena спорт кешені ашылды. 16 желтоқсан күні сағат 10:00-де «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Маңғыстау облысында Тәуелсіздік күніне орай мәдени және спорттық іс-шаралар топтамасы жоспарланған. 16 желтоқсанда Тобанияз Әлниязұлы ескерткішіне гүл қою рәсімі де өтеді.
Алматы қаласында Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне және «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне дәстүрлі түрде гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Іс-шараға қала басшылығы, қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысушылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қала жастары қатысады. 17 желтоқсанда қаладағы барлық сегіз ауданда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларының құрбандарын еске алуға арналған ас беріледі.
Астанада Archer клубында садақ атудан Астананың ашық кубогы өтеді. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Скакун» спектаклі сахналанады.