Тәуелсіз еліміздің қалыптасуын Елбасы есімімен тікелей байланыстырамыз – Көшербаев

9 Сәуір 2019, 14:11
2846
Бөлісу:
Тәуелсіз еліміздің қалыптасуын Елбасы есімімен тікелей байланыстырамыз – Көшербаев
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қызылорда қаласында «Н.Назарбаев: болашақ бүгіннен басталады» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жастар жылы аясында ұйымдастырылған ғылыми жиында қазақстандық, шетелдік ғалымдар, сарапшылар, магистранттар және студенттер Елбасының елі үшін еткен еңбегін, жастар саясаты мәсеселін жан-жақты талқылады.

Тәуелсіз еліміздің қалыптасуын Елбасы есімімен тікелей байланыстырамыз – Көшербаев

Конференцияға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев та қатысты. Аймақ басшысы өткенге сәл шегініс жасап, «Елбасы» атауының шығу төркініне тоқталды.

«Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалап, шекарасын бекітіп, болашаққа бағыт-бағдар берген, әлемге танытып, бүгінгідей қуатты мемлекетке айналуымызда – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Сондықтан да, Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуын Елбасы есімімен тікелей байланыстырамыз. Ол – заңдылық! 1991 жылы 1 желтоқсанда бүкіл халықтық сайлау нәтижесінде ел тарихында алғаш рет халық өз Президентін сайлады. Осылайша, бұл күн Тәуелсіз Қазақстанның тарихында таңбаланып, қатталды. «Елбасы» ұғымын тұңғыш рет еліміздің заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлының тамаша жеңісінен соң, ел тарихындағы алғашқы ұлықтау рәсімінде өзінің Президентке арнап айтқан тілегінде қолданған еді. Содан бері «Елбасы» атауы шынайы ұғымға, бүкілхалықтық атауға айналды», - деді облыс әкімі.

Тәуелсіз еліміздің қалыптасуын Елбасы есімімен тікелей байланыстырамыз – Көшербаев

Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдары Елбасы үшін де, ел үшін де оңай болды деп ешкім де айта алмайды. Барлық проблемамен жеке-дара қалған Тұңғыш Президент елді бүкіл қиындықтан алып шықты.

«Тәуелсіздік Туы желбіреген 28 жылда біз орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік. Бұлардың қатарында Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі – Астананың, бүгінгі Елбасы есімін иеленген Нұр-Сұлтан қаласының орны ерекше. Бір кезеңдерде Еділден айрылған елдің Есілінен де қол үзіп қалу қаупі туған еді. Сарыарқаны жайлаған бес облысқа көз сұғын қадаушылар көп болды. Осындай шақта Елбасы бастама көтеріп, Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Орданы орнаттық. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Құла даладан құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандыратын Елордамыз – Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне айналды. Енді бүгін Нұр-Сұлтан қаласы ең қысқа мерзімде салынып, әлемді сүйсінткен, жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір қайталанбас «Ғасыр жобасына» айналды. XX ғасырда әлемдегі мемлекеттер арасында Германия мен Бразилия өз астаналарын ауыстыру туралы шешім қабылдаса, жаңа XXI ғасырда тек Тәуелсіз Қазақстан ғана осындай тарихи батыл қадамға бел буды. Сондықтан, Елорда – Елбасының ерен ерлігі!», - деді аймақ басшысы.

Қырымбек Көшербаев Елбасының Сыр өңіріне жасаған қамқорлығы және қызылордалықтардың Тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан үлесі жайлы да айтып өтті.

Бұдан кейін, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов баяндама жасады.

«Қазіргі күнде Қызылорда облысы туралы сөз қозғағанда, «Аралы оралып, ақ күріші жайқалған Сыр өңірі» деген теңеу жиі айтылады. Осы теңеудің сырын ашар болсақ, ойымызға Елбасымыздың Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен Арал теңізі ақиқатын әлемге паш еткені, пәрменді шаралар қабылдап, теңізге жан бітіртгені оралады. Сондай-ақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сыр өңірінде күріш шаруашылығының да айтарлықтай құлдырағанын аға буын жақсы біледі. Осындай жағдайға бей-жай қарай алмаған Тұңғыш Президентіміз агросаланы дамытудағы кешенді бағдарламалар қабылдап, олардың орындалуын тікелей бақылауына алды. Соның нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында күріш шаруашылығының өнімділік көрсеткіші еселеп өсті», - деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Тәуелсіз еліміздің қалыптасуын Елбасы есімімен тікелей байланыстырамыз – Көшербаев

Ғылыми конференцияның пленарлық отырысына Қазақстан, Корея, Қытай, Канада, Германия, Болгария, Украина, Өзбекстан және елдерден келген ғалымдар қатысты. Олар Елбасы тұлғасы туралы тұшымды ойлар айтты. «Рухани жаңғыру» орталық сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын, Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлы дала тұлғалары» орталығының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Экономика және менеджемент» кафедрасының ассоциацияланған профессор қызметін атқарушы Айгүл Мұқанова, Корея Республикасының халықаралық білім беру институның оқытушысы, шет тілдері және аударма кафедрасының оқытушы-еріктісі Ким И Ен, халықаралық экономика PhD докторы, Софья ұлттық және әлемдік экономика университетінің доценті Желев Паскал Неделчев және тағы басқалары өз баяндамаларын таныстырды.

Тәуелсіз еліміздің қалыптасуын Елбасы есімімен тікелей байланыстырамыз – Көшербаев

Сонымен қатар, бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Әлем таныған Елбасы» иллюстрациялық кітап көрмесі ашылды.

Өзгелердің жаңалығы