Парламент Мәжілісінің вице-спикері Альберт Рау, депутаттар Екатерина Смышляева, Берік Бейсенғалиев және Еркін Әбіл «МИЛХ» өндірістік кәсіпорны базасында Қостанай облысының бизнес өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырыста қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатқан тауардың шыққан елін анықтау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер талқыланды.
Заң жобасының мақсаты – өнім сапасына бақылауды күшейту және отандық тауар өндірушілерді мемлекет тарапынан тиімдірек қолдау үшін Қазақстанда шығарылған тауарлардың бірыңғай тізілімін құру. Тізілім «СT-KZ» үлгідегі қолданыстағы сертификаттарды және өнеркәсіптік сертификаттарды алмастыратын болады.
Кездесуде талқыланған негізгі мәселенің бірі сертификаттау рәсімдерін жеңілдету болды. Бизнес өкілдері жаңа талаптар аясында өнімнің шығу тегін растау процесінің күрделене түсуі мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді.
Альберт Раудың айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – бюрократиялық кедергілерді азайту және бизнесті тиімді қолдайтын сертификаттау жүйесін құру. Жаңа тізілімге тауарларды қосу процесі барлық отандық өндірушілер үшін ашық және қолжетімді болады деп күтілуде.
Президент «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, бизнесті қолдау жөніндегі жұмыс мемлекеттің тұрақты басымдығы болып саналады. Осыған байланысты біздің міндетіміз – аттестациялау процесінде қарапайымдылық пен тиімділікті қамтамасыз ететін, артық әкімшілік ауыртпалықтарды болдырмайтын жүйе құру. Заң жобасы кәсіпкерлерді қолдауға және мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекетті жеңілдетуге бағытталған, – деді А.Рау.
Берік Бейсенғалиев тауарлардың жаңа тізілімін құру құжат айналымына байланысты шығындарды айтарлықтай қысқартатынын, бұл кәсіпорындардың экономикалық тиімділігіне оң әсер ететінін атап өтті.
Екатерина Смышляеваның айтуынша, өнімнің шығу тегін нақты растайтын ашық жүйені құру отандық тауарлардың ішкі нарықтағы позицияларын нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстандық тауарларға деген тұтынушылар сенімін арттыру – экономикалық дамудың маңызды элементі. Өнімнің шығу тегі мәселелеріндегі ашықтық – бұл отандық тауарлардың ішкі нарықта сәтті бәсекеге түсуіне мүмкіндік жасайтын жағдайларды қалыптастырудың негізі, – деді Смышляева.
Талқылау барысында өңір кәсіпкерлері өз ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, олар жаңа ережелерді біртіндеп енгізу және оған көшу кезінде бизнестің қосымша қиындықтарға тап болмауын қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.
Альберт Рау жиында айтылған барлық ұсыныс заң жобасын пысықтау кезінде ескерілетінін алға тартты.