Алматылық Дмитрий Казанцев – бүгінде Өскемендегі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде қатардағы жауынгер. Ол әскерде жүрсе де, тауға шығуға қызушылығын жоғалтпаған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жас жігіт Үлкен Алматы шыңы, Астана шыңы сияқты белгілі шыңдарды, сондай-ақ Қазақстанның ең қиын және биік нүктелерінің бірі — Хан Тәңірі шыңын бағындырып үлгерген.
Мен үшін тау шыңдарына шығу - жай ғана спорт емес, өз ойымды білдіру және мүмкіндіктерімді тексеру тәсілі. Тауға деген қызығушылығым студенттік жылдары пайда болған. Ең алдымен Алатау жоталарына көтеріле бастадым, бертін келе альпинизм дағдыларын біртіндеп жетілдіріп, барған сайын күрделі сынақтарға дайындала түстім, — дейді ол.
Дегенмен әскерде қызмет ету уақыты келгенде, Дмитрий өзінің бұрынғы хоббиін тастамаған. Оның айтуынша, әскери тәртіп пен дене шынықтыру оған тек жақсы жағынан әсер етіп, бұрынғыдан да күшті болуға көмектескен.
Ол өзінің альпинистік тәжірибесінің ең ұмытылмас сәттерінің бірі ретінде Хан Тәңірі шыңына көтерілген сәтін айтып берді.
Біз салмағы 40 келі болатын рюкзакпен көтеріліп, қар мен тастарды басып өттік. Әр өрмелеу кезінде тау шыңдарына деген құмарлығым арта түсті. Биіктікке көтерілу және кедергілерді жеңу өміріме мотивация берді. Ендігі мақсатым — Гималай тауында орналасқан сегіз мың метр биіктіктегі мұз шыңдарын бағындыру, - дейді Дмитрий Казанцев.
Мерзімді қызмет сәтті аяқталғаннан кейін Дмитрий Ұлттық ұлан қатарында қалу туралы шешім қабылдаған және әскери қызметті жалғастыру туралы келісімшартқа қол қойған. Қазір ол Өскемен қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және жұмыспен қамтылғанына қарамастан, альпинистік экспедиция жасауды әлі күнге жалғастырып келеді.
Әскердегі қызмет маған көп нәрсені үйретті: тәртіп, жауапкершілік, қиын жағдайларда тез шешім қабылдау қабілеті. Мұның бәрі маған тауда өте пайдалы болды, болашақта да игілігін беретініне сенімдімін. Шыңдарды бағындыру – жай хобби емес. Бұл – өмір философиясы. Тауға көтерілген сайын өз-өзімді сынап, кедергілерді жеңуді үйренемін, - дейді жауынгер.
Дмитрий Казанцев алдағы уақытта Гималай шыңын бағындырып, альпинизммен әскери қызмметті қатар алып жүруді қалайтынын атап өтті.