Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адам жәбірленушімен татуласу арқылы қылмыстық жауаптылықтан қайта-қайта босатыла алмайды. Бас прокуратура осындай істер бойынша сот тәжірибесіне назар аударды.
Ведомство мәліметінше, ер адам жұбайының денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Кейін ерлі-зайыпты татуласқаннан кейін ол қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Алайда ер адам тиісті қорытынды жасамай, көп уақыт өтпей әйеліне қайтадан қол көтерген. Бұл жолы да олардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Прокуратура соттың мұндай шешімімен келіспеді. Кассациялық наразылық бойынша сот актісі жойылып, іс ер адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесін қарау үшін жаңа сот талқылауына жіберілді.
Бұл – осындай жалғыз жағдай емес. Бас прокуратура бұған дейін татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдардың дәл сол негізде қайтадан жауаптылықтан босатылған тағы үш сот актісіне наразылық келтірген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауаптылық күшейді
Бас прокуратура тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамадағы маңызды өзгеріске де тоқталды.
2024 жылдан бастап Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауаптылық едәуір күшейтілді. Атап айтқанда, ұрып-соғу және қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық санатынан қылмыстық жауаптылық саласына ауыстырылды.
Осыған байланысты мұндай әрекетті жасаған адам жәбірленушімен татуласу арқылы жауаптылықтан қайтадан босатыла алмайды.
Прокуратураның атап өтуінше, тәжірибе көрсеткендей, қоғамда бұл маңызды өзгерісті бәрі бірдей біле бермейді.
«Заң қорғауды қажет ететін адамды қорғауы тиіс» деген ұстанымға сүйенген прокуратура органдары заң талаптарының бұлжымай орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын атап өтті.