Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тәтті еңбектің татымды нәтижесі

1 Маусым 2025, 04:50
976
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Ауылдағы кәсіпкер – елдің тұтқасы, ауылдың тірегі. Бүгінгі таңда мемлекет ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, еңбекпен елге үлгі болып жүрген жандардың бірі – Жасөркен ауылының тұрғыны Перизат Юсупова. Жұмыс арасында BAQ.KZ тілшісінің арнайы сауалына жауап беріп үлгерген кәсіпкер тірлігін көзбен көріп қайттық.

Тәтті еңбектің татымды нәтижесі

 

Перизат Юсупова «Нұркен» жеке кәсіпкерлігін басқарып, шағын наубайхана арқылы тәтті пряник өнімдерін өндірумен айналысады. Адал еңбек пен сапалы өнімнің арқасында оның ісі бүгінде тек ауыл ішіне ғана емес, облыс айналасына да танылып келеді.

Шағын ғана ауылда басталған бұл кәсіптің тарихы – бір отбасының өмірлік тәжірибесімен, төзімімен, ерік-жігерімен, ауызбіршілігімен, қиындықты еңсере білетін өр рухымен тікелей байланысты. Перизаттың отбасы осыдан он жыл бұрын мемлекеттік жеңілдетілген несие алып, шағын наубайхана ашқан еді. Бастапқыда үміт зор болғанымен, нарықтағы бәсекенің, экономикалық тұрақсыздықтың әсерінен біраз жыл кәсіп тоқырап қалып, абдырап-аптыққан сәттер болды. Алайда қол қусырып қарап отыру деген Перизатқа жат қасиет. Ол табандылықпен қайта еңсе тіктеп, кәсібін жандандыруға кірісті. Бүгінде ол бастаған отбасылық бизнес Жамбыл облысының бес ауданын және Тараз қаласын сапалы пряниктермен қамтамасыз етіп отыр.

Қиын кезеңдер болды. Бірнеше жыл бойы тұтынушылар азайды, өнім өтпей, өндіріс тоқтап қалған сәттер де кездесті. Бірақ кәсіп – тірі ағза сияқты, оны дамытып отыру керек. Мен ешқашан бұл істен бас тартқым келмеді. Қайта құлап, қайта тұрып, бірде төмен, бірде өрге шығып – әйтеуір, талпынып осы күнге жеттік қой... Үйренген, қолыңнан келгенді неге тастайсың? Жылдар өте, уақыт ұзартпай, өнім көлемін арттыруды ғана емес, сапасы мен дәмін тіл үйірерліктей болуы үшін жаңалықтар іздедім. Қайта бар күшімді салып, технологияны жетілдіріп, өнімді жаңарттым, – дейді Перизат Юсупова.

Қазір шағын цехта аптасына шамамен 1 тоннадай тәтті пряник өндіреді. Мұндай өнім көлемі ауылдық деңгей үшін үлкен көрсеткіш. Цехта бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар – ауылда бұрын жұмыссыз жүрген әйелдер, отбасы табысын арттыруға ниетті жандар. Бұл – кәсіпкердің ауылда әлеуметтік тұрақтылыққа қосып отырған өзіндік үлесі.

Біздің өнім – толықтай табиғи шикізаттан жасалады. Балалар да, ересектер те сеніп жейтіндей болу керек. Біз өнімнің сапасына ерекше мән береміз. Қант, май, жұмыртқа, ұн – барлығы тексерілген, сенімді көзден алынады. Сондықтан біздің пряниктер жұмсақ, хош иісті, ұзақ сақталатын, ең бастысы, дәмі тіл үйіреді, – дейді кәсіп иесі.

Перизаттың айтуы бойынша, соңғы екі жылда тапсырыс көлемі айтарлықтай артқан. Бұрын тек ауыл ішіне, жақын маңдағы дүкендерге ғана таратылып келген өнімдер қазір Жамбыл, Талас, Қордай, Шу, Тұрар Рысқұлов аудандарымен қатар, Тараз қаласына да жеткізіліп жүр. Бұл сұраныстың артуы өнім сапасының ғана емес, кәсіпкердің табанды еңбегінің жемісі екенін көрсетеді.

 Ауылда отырып-ақ табыс табуға болады. Бастысы – ерінбей еңбектену, ұдайы іздену. Кәсіп бастау – бір күндік шаруа емес. Алғашқыда қиын болғанымен, ең бастысы – істің басын бастау. Мемлекет тарапынан берілген қолдауды дұрыс, дер кезінде пайдаланса, ауылда да түрлі кәсіп өркендейді. Қазір іс бастаймын деген адамға бағыт-бағдар беретін орталықтар да, қолдау танытатын адамдар да бар ғой, – дейді Перизат.

Бүгінде ол пряник түрлерін көбейтіп, орамаларын жаңартып, тіпті өнім дизайнын жақсарту бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Сонымен қатар, болашақта ауыл жастарына арналған шағын шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, қандай да бір кәсіпке баулу, қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беру, аз-кем білгенімен бөлісіп, оқыту ойында бар. Юсупова Перизаттың отбасы да бұл кәсіптің белсенді мүшесі. Жолдасы мен балалары қолынан келгенше көмек көрсетіп, өнімді жеткізу, материал тасымалдау сияқты жұмыстарға араласады. Бұл – кәсіптің тек қаржылық емес, рухани да құндылығы бар екенін аңғартады. Жанашыр жандары бар, қолдау мен қошеметке ие Перизаттың мақсаты көп жалпы.

Мен бұл істі жай ғана сауда үшін емес, балаларым болашақта еңбектің қадірін түсінсін, адал табыстың дәмін көрсін деп бастадым. Кәсіп – табыстың ғана емес, тәрбие мен отбасылық құндылықтың қайнары, – дейді ол.

Шағын цех – ауылда үлкен іс атқарып отыр. Бір отбасының еңбегі мен мемлекет қолдауының үйлесімі арқылы туған бұл өндіріс бүгінде өңірлік деңгейге шығып, өз орнын қалыптастырып келеді. Бұл – ауыл кәсіпкерлігінің шынайы үлгісі.Осындай еңбек адамын, ауыл тірлігін алға сүйреп келе жатқан табанды кәсіпкерлерді насихаттау – болашақ буын үшін үлкен өнеге. Себебі ауыл – еңбек пен берекенің қайнары. Ал сол еңбекке сүйенген адамдар – ел болашағының іргетасы.

Өзгелердің жаңалығы